Түркістан облысы соңғы жылдары спорт саласын жүйелі түрде дамытып, еліміздегі ірі спорттық орталықтардың біріне айналып келеді. 2026 жылы өңірде спорттың әртүрлі түрлерінен әлемдік, азиялық және республикалық деңгейдегі 40-қа жуық ауқымды жарыс өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама Түркістанның тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық спорттық іс-шаралар өтетін маңызды алаңға айналғанын айқын көрсетеді. Мұндай ірі жарыстарды қабылдау аймақтың инфрақұрылымын, туризмін және бұқаралық спортты дамытуға серпін береді.
Бүгінде Түркістан облысындағы спорт мектептерінде 89 700-ге жуық спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты әрі тегін түрде шұғылданып жүр. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 27 438 балаға, яғни 69 пайызға артқан. Мұндай өсім өңірде спортқа деген қызығушылықтың артып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Спорт мектептеріндегі тегін секциялар балалар мен жасөспірімдер үшін қолжетімді болып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және болашақ кәсіби спортшылардың қалыптасуына негіз болуда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, бұл өңір халқының 42,8 пайызын құрады. Осылайша бекітілген индикаторлық көрсеткіш толық орындалды. Аталған көрсеткіштердің ішінде 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің үлесі ерекше назар аударады. Қазіргі таңда бұл санаттағы спортпен жүйелі айналысатын жастар саны 266 мыңға жетіп отыр. Бұл – жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулудың, оларды зиянды әдеттерден сақтаудың және қоғамға пайдалы тұлға ретінде тәрбиелеудің маңызды тетігі.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 миллиард 400 миллион теңге бөлініп, 384 өнім беруші арқылы 25 226 бала түрлі спорттық секциялармен қамтылды. Бұл жоба жеке спорт ұйымдары мен мемлекет арасындағы тиімді әріптестікті дамытып, спорт қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар облыс көлемінде 3 273 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 273 мыңнан астам адам қатысқан. Мұндай ауқымды шаралар тұрғындарды жаппай спортқа тартуға, командалық рухты қалыптастыруға және өңірде белсенді өмір салтын насихаттауға оң ықпал етуде.
Спорт саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларына, сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне бұқаралық спортты дамыту, көрсеткіштерді жақсарту бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы жасөспірімдер мен жастарды спорттық үйірмелерге барынша тарту қажеттігін атап өтіп, өңірдегі барлық спорттық нысандар халыққа қызмет етуі тиіс екенін қадап айтты. Спорт арқылы жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және зиянды әдеттерден сақтау – басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
Облыс әкімі Түркістан қаласындағы «Мұз сарайының» әлеуетін толық пайдаланып, қысқы спорт түрлерін дамыту мен кеңінен насихаттау бойынша нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар спорт саласындағы жұмыстарды жандандырып, нақты нәтиже беретін спорт түрлері мен болашағы зор спортшыларды іріктеп, жүйелі даярлау қажеттігі айтылды. Елді мекендерде жаңа спорт нысандарын салу және бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану мәселесі де басты назарда. Бұдан бөлек, командалық спорт түрлерін, оның ішінде футболды дамыту бойынша да нәтижелі жұмыстар жүргізу міндеттелді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың мәліметінше, Түркістан облысының спортшылары 2025 жылы Сурдлимпиада, әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында барлығы 1 668 медаль жеңіп алған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 46 медальға немесе 2,7 пайызға артық. Аталған жетістіктердің нәтижесінде 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 74 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 745 спорт шеберлігіне үміткер спортшы даярланды. Сонымен қатар облыстан ұлттық құрама сапына 766 спортшы енді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артқан.
Спортшыларды ынталандыру және қолдау мақсатында демеушілер есебінен үздік спортшыларға 8 автокөлік пен 3 пәтер табысталды. Сондай-ақ 231 спортшыға ай сайынғы стипендия тағайындалып, бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Мұндай әлеуметтік қолдау шаралары спортшылардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, жас буынды үлкен жетістіктерге ұмтылуға жігерлендіреді.
Алдағы ірі халықаралық жарыстардың бірі – 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындары. Аталған додаға спорттың 17 түрінен Түркістан облысының 35 спортшысы үміткер ретінде қатысуға дайындалып жатыр. Жоспар бойынша өңір спортшылары бұл жарыстан 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алады деп күтілуде. Сонымен қатар 18–24 қазан аралығында сол елде өтетін Пара Азия ойындарына түркістандық 7 спортшы қатысып, 3 медаль олжалайды деген болжам бар. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында да Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр 63,6 миллиард теңгеге 102 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Ал 2026 жылы 11,3 миллиард теңгеге 20 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған, оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында екі спорт ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласында инклюзивті спорт орталығы пайдалануға беріліп, ол облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.
Түркістан облысында спорт саласын дамытудағы тағы бір маңызды бағыт – «Event tourism», яғни спорттық туризмді өркендету. Осы мақсатта 2026 жылы Түркістан қаласында 40-қа жуық әлемдік, халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі спорттық жарыстар өткізу көзделіп отыр. Жуырда ғана қалада шахматтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық өңірлерінен 1 100-ге жуық жас спортшы қатысты.
Ақпан айының 4-9 күндері аралығында «Олимпик центр» спорт кешенінде таеквондодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы көпфункциялы ипподромның ашылуына орай ұлттық және дәстүрлі спорт түрлерінен бірқатар ауқымды жарыстар жоспарланған. Атап айтқанда, көкпардан халықаралық «Nauryz cup» турнирі, бәйгеден республикалық жарыс, аударыспақтан Азия чемпионаты, жамбы атудан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден ересектер арасындағы Азия кубогы, асық атудан ересектер арасындағы Әлем кубогы және қазақ күресінен жастар арасындағы республикалық турнир өтеді.
Бұдан бөлек «Толағай» алыптар сайысы, «Бабалар ізімен: асық ату» іс-шарасы ұйымдастырылып, онда бір мезетте 1 000 адам асық ойнамақ. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Әбдіжаппар Нұрмахановты еске алуға арналған және Мырзағали Ділдабековтың жүлдесіне арналған бокстан халықаралық турнирлер, қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған халықаралық турнир мен Әлем кубогы, шахматтан түркі тілдес халықтар ойыны, «Түркістан марафон – 2026» бұқаралық жүгіру марафоны өтеді. Сонымен қатар ескек есу арнасында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты, параканоэден Азия чемпионаты және ескек есу спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының барлық жас санаттары бойынша ел чемпионаттары толықтай Түркістан қаласында ұйымдастырылады.
Жалпы алғанда, жоспарланған спорттық іс-шараларға 40 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш Түркістанның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасына да оң әсерін тигізеді. Спорттық жарыстар арқылы қала инфрақұрылымы дамып, қызмет көрсету саласы жанданады. Түркістан облысы үшін спорт – тек жарыс пен медаль ғана емес, ол халықтың денсаулығын нығайтудың, жастарды тәрбиелеудің және өңірдің халықаралық деңгейдегі беделін арттырудың маңызды құралына айналып отыр.