Абай күні биылғы сайлауалды күн тәртібіне мәдени мұра мен қоғамдық бірегейлікті қалыптастыратын құндылықтарды арқау еткен жаңа мазмұн қосты. Сайлауалды науқан аясында саяси партиялар тұрғындармен, сарапшылармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылауды жалғастырды.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының басшысы Айбек Дәдебай бастаған топ Абай облысының тұрғындарымен кездесті. Сапар Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кездесулер барысында тұрғын үйдің қолжетімділігі, жеңілдетілген ипотеканы дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыру, азық-түлік импортына тәуелділікті төмендету және азаматтарды жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге даярлау мәселелері көтерілді.
Өз кезегінде Абай облысының тұрғындары жылу және су желілерінің тозуы, Семей ядролық полигонының зардаптарын көрген азаматтарды әлеуметтік қорғау, ғылымды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Іс-шара соңында партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астанада «Гендерлік теңдік – шынайы демократия» атты республикалық сайлауалды форумын өткізді. Кандидаттар, сарапшылар, ҮЕҰ өкілдері және көпбалалы аналар қатысқан жиында гендерлік квота, әйелдер мен ерлер арасындағы еңбекақы айырмашылығы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және партияның «PANA» жобасы талқыланды.
«Байтақ» партиясы экологиялық мәселелерге басымдық берді. Өскеменде өткен сенбілік барысында Ертіс өзенінің жағалауы мен Куленовка су қорғау аймағынан 140 қап қоқыс жиналды. Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тұрғындармен және «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесулер өтіп, еңбек жағдайы, еңбекақы және медициналық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қазақстан халық партиясы әлеуметтік сала мен еңбек ұжымдарының мәселелеріне назар аударды. Теренкөл аудандық ауруханасының қызметкерлерімен кездесуде медицина мамандарының еңбек жағдайы және ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сөз болды. Риддерде жол-құрылыс кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өтті. Ал «Халықтық траверс» жобасы аясында қазақстандық альпинистер партияның сайлауалды бағдарламасындағы 19 міндетке орай Іле Алатауындағы 19 шыңды бағындырды.
«Ауыл» партиясы Шығыс Қазақстан облысында кәсіпорын өкілдерімен, экологтармен, ҮЕҰ мүшелерімен және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесулерде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ғылымның рөліне арналған дөңгелек үстел өтті.
«Ақ жол» партиясы батыс және солтүстік өңірлердегі сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан Астанаға велосипедпен жолға шыққан мұғалім Асылбек Айболатов бірнеше облыстың елді мекендерінде тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін жинады. Маңғыстау облысында партияның үгіт тобы Сарға ауылының тұрғындарымен жүздесті.
«Respublica» партиясының республикалық үгіт тобы Маңғыстау облысында өндіріс және бизнес өкілдерімен кездесті. Ақтауда жобалау институты, өндірістік цех және өңірлік электр желілік компаниясы жұмысымен танысып, отандық өндірісті дамыту мәселелерін талқылады. Талдықорғанда тігін фабрикасы мен бояу өндірісінің қызметкерлерімен кездесулер өтіп, еңбекақы, еңбек жағдайы, импорттық шикізатқа тәуелділік және мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік мәселелері көтерілді.
Осылайша, сайлауалды науқан аясындағы кездесулерде партиялар ел дамуының әртүрлі бағыттарына қатысты ұстанымдарын таныстырып қана қоймай, азаматтардың нақты ұсыныстары мен мәселелерін де тыңдауда.
Абай күні бұл диалогқа ерекше мазмұн қосты. Ұлттың рухани мұрасын ұлықтау, білім мен ғылымды дамыту, еңбекке құрмет, жауапкершілік пен қоғамдық бірлік секілді құндылықтар елдің бүгінгі таңдауы мен болашаққа деген көзқарасын айқындайтын маңызды тақырыптарға айналды.