АРЫСТЫҚ ОҚУШЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖҰЛДЫЗ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

АРЫСТЫҚ ОҚУШЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖҰЛДЫЗ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Елорда төрінде еліміздің мәдени-рухани өмірінде айрықша орын алатын маңызды шығармашылық жоба өз мәресіне жетті. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылған «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ауқымды әлеуметтік жоба ретінде жоғары деңгейде өтті. Байқаудың басты мақсаты – өмірлік жағдайына қарамастан өнерге бейімі бар балаларды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін ашу, үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік беру және болашаққа деген сенімін нығайту болды. Бұл жоба көптеген бала үшін тағдырындағы жаңа кезеңнің басталуына айналды.

Республикалық деңгейде өткен байқау еліміздің барлық өңірінен келген дарынды балаларды бір алаңға жинады. Әрбір қатысушы бұл сайысқа үлкен дайындықпен, толқыныспен және үмітпен келді. Көпшілігі үшін бұл – кәсіби сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғаш сапар, жаңа әсер мен жаңа орта. Байқау барысында балалар тек ән айтып қана қоймай, өз ішкі жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын, арманы мен мақсатын өнер тілімен жеткізе білді. Әрбір орындалған әннің артында тағдыр, еңбек, табандылық пен сенім жатты.

Осы мазмұнды әрі тағылымы терең өнер додасында Түркістан облысының намысын қорғаған арыстық оқушының жеңісі ерекше аталып өтті. Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11-сынып оқушысы Өскенбаев Ерасыл Әмірұлы республикалық байқауда 42 үміткердің арасынан суырылып шығып, «Жоғары санаттағы “Соло”» номинациясы бойынша Гран-при иегері атанды. Бұл жетістік – жас өнерпаздың ұзақ жылғы еңбегінің, таланты мен табандылығының нақты нәтижесі.

Ерасыл Әмірұлы байқау барысында орындаған шығармасында өз дауыс мүмкіндігін толық аша білді. Оның сахнада өзін еркін ұстауы, әнді сезіммен орындауы, көрерменмен байланыс орната білуі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Әрбір нотаны дәл жеткізіп, ән мазмұнын жүрекпен сезінуі оның кәсіби деңгейге жақын екендігін айқын көрсетті. Жас өнерпаздың орындауындағы ән көрермендердің де ерекше ықыласына бөленіп, залда отырған көпшіліктің ыстық қолдауына ие болды.

Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша Гран-при иегері атанған Ерасыл Әмірұлына арнайы сыйлық ретінде Дубай қаласына жолдама табысталды. Бұл – жас талант үшін үлкен жетістік әрі зор сенім. Халықаралық деңгейдегі сапар оның дүниетанымын кеңейтіп, өнер жолындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Мұндай марапат жас өнерпазды одан әрі шыңдап, болашақта биік белестерді бағындыруына серпін береді.

Салтанатты марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова байқаудың әлеуметтік және тәрбиелік маңызына кеңінен тоқталды. Ол көптеген қатысушы үшін бұл байқау үлкен сахнадағы алғашқы қадам екенін, елордаға алғаш келіп, өз өнерін көрсету – олардың өміріндегі маңызды әрі ұмытылмас кезең екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан балалардың шығармашылығын қолдауға, олардың жұлдызын жарқыратып, қоғамға қуаныш сыйлайтын бастамаларды әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізді.

Өнерге бейімі жоғары Ерасыл Әмірұлы – жан-жақты дамыған, мақсатшыл оқушы. Ол сахна мәдениетін, орындаушылық шеберлігін ұдайы жетілдіріп, өнерге деген қызығушылығын тұрақты түрде дамытып келеді. Ән айту, түрлі шығармашылық жобаларға қатысу, мәдени іс-шараларда өнер көрсету оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ол мектепішілік, қалалық және аудандық деңгейдегі іс-шараларда бірнеше мәрте үздік нәтиже көрсетіп, өз ортасында талантты оқушы ретінде танылып келеді.

Жас өнерпаздың бойындағы еңбекқорлық пен жауапкершілік оның жетістіктерінің басты кепілі. Ол әрбір дайындыққа үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне талап қоя біледі. Ұстаздарының айтуынша, Ерасыл сахнаға шығар алдында әрбір детальға мән беріп, орындаушылық шеберлігін жетілдіруге тырысады. Бұл қасиеттер оның өнер жолындағы болашағынан үлкен үміт күттіретінін аңғартады.

Ерасылдың бұл жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар оны тәрбиелеп отырған «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» ұжымының, Достық мектебінің педагогтері мен тәрбиешілерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Балаларға қолайлы орта қалыптастырып, олардың қабілетін дамытуға жағдай жасаудың арқасында осындай жарқын жетістіктерге жол ашылып отыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық пен жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.

Республикалық «Жұлдыз болғым келеді» вокалдық байқауы әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың бойындағы дарынды ашуға бағытталған маңызды жоба ретінде өз миссиясын толық орындады. Мұндай бастамалар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, болашақта саналы, өнерлі, рухани бай азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосады.

Арыстан шыққан жас өнерпаздың бұл жеңісі көптеген балаға үлгі болып, арманына сенуге, өз қабілетін дамытуға шабыт береді. Өнер мен еңбек, сенім мен қолдау ұштасқанда ғана үлкен жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеген бұл оқиға өңір үшін де, ел үшін де маңызды рухани жаңалыққа айналды.