БАҚ қызметкерлері күні: өңір журналистикасының даму белестері

БАҚ қызметкерлері күні: өңір журналистикасының даму белестері

Жыл сайын маусым айының соңғы жексенбісінде елімізде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл – ақпарат саласында еңбек етіп жүрген журналистердің, редакторлардың, теле-радио қызметкерлерінің, операторлардың, фотографтардың, дизайнерлердің және баспасөз қызметі мамандарының кәсіби мерекесі. Қоғамдағы маңызды оқиғаларды дер кезінде халыққа жеткізіп, шынайы ақпарат тарату жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала өкілдерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Бұл мереке журналистиканың қоғамдағы маңызын айқындап қана қоймай, ақпарат кеңістігінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне деген құрметтің белгісі саналады.

Ақпарат – қоғамның қозғаушы күші. Қазіргі заманда кез келген маңызды шешімнің, қоғамдық пікірдің немесе әлеуметтік өзгерістің негізінде сенімді әрі сапалы ақпарат тұрады. Осы тұрғыдан алғанда журналистердің жауапкершілігі ерекше. Олар қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір қызметін атқарып, халықтың үнін билікке, мемлекеттік саясаттың мәнін жұртшылыққа жеткізеді. Сондықтан журналистика тек жаңалық тарату емес, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, ел бірлігін сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет ететін маңызды сала болып табылады.

2018 жылы Түркістан облысының құрылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бергені сияқты, аймақтың ақпараттық кеңістігінің де жаңа кезеңге қадам басуына жол ашты. Жаңадан құрылған облыстың тыныс-тіршілігін, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды, ауқымды құрылыс жұмыстарын, инвестициялық жобаларды және халықтың әлеуметтік жағдайын кеңінен насихаттау міндеті өңір журналистеріне жүктелді. Осы жылдар ішінде облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдары заман талабына бейімделіп, ақпарат таратудағы жаңа тәсілдерді меңгерді.

Бүгінде Түркістан облысының медиакеңістігі қарқынды дамып келеді. Өңірде облыстық, қалалық және аудандық газеттер, телеарналар, ақпараттық агенттіктер, интернет-басылымдар және әлеуметтік желілердегі ресми ақпараттық платформалар тұрақты жұмыс жүргізуде. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар цифрлық медианың дамуы ақпарат тарату мүмкіндігін кеңейтіп, жаңалықтардың жеделдігі мен қолжетімділігін арттырды. Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі жаңалықты интернет пен әлеуметтік желілер арқылы алатындықтан, журналистер де заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, мультимедиялық форматта жұмыс істеуге бейімделді.

Соңғы жылдары Түркістан облысында мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, халықпен кері байланысты күшейту және ресми ақпараттың қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Баспасөз қызметтері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара ықпалдастығы нығайып, брифингтер, баспасөз конференциялары, көшпелі баспасөз турлары және әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер тұрақты ұйымдастырылуда. Мұндай жұмыстар мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамның ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Өңір журналистері қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеруде де белсенділік танытып келеді. Олар ауылдардың инфрақұрылымы, жол құрылысы, ауыз сумен қамту, газдандыру, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, туризм және экология мәселелерін тұрақты түрде жариялап келеді. Осындай материалдардың нәтижесінде көптеген өзекті мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың назарын аударып, нақты шешімін тауып жатады. Бұл журналистиканың қоғамдағы маңызды бақылаушы әрі байланыстырушы институт екенін көрсетеді.

Түркістан облысы – еліміздің тарихи әрі рухани орталықтарының бірі. Сондықтан өңір журналистері тарихи мұраларды, ұлттық құндылықтарды және мәдениетті насихаттауға да айрықша үлес қосып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран, Сайрам секілді тарихи орындар туралы танымдық мақалалар мен арнайы жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Сонымен бірге ұлттық дәстүрлер, қолөнер, мәдениет, әдебиет және өнер тақырыптары да бұқаралық ақпарат құралдарының тұрақты назарында.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы журналистика саласына да жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінде журналист тек мақала жазумен ғана шектелмейді. Ол фото және бейнематериал әзірлейді, әлеуметтік желілерде контент жүргізеді, тікелей эфирлер ұйымдастырады, деректерді сараптап, аудиторияға түсінікті әрі тартымды форматта ұсынады. Мұның бәрі кәсіби шеберлікпен қатар, үздіксіз ізденісті талап етеді. Сондықтан өңір журналистері жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи медианың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді.

Журналистиканың басты қағидаларының бірі – объективтілік пен шынайылық. Ақпараттың нақтылығы мен сенімділігіне деген сұраныс артқан қазіргі кезеңде журналистердің кәсіби жауапкершілігі де күшейе түсті. Жалған ақпараттың таралуына жол бермеу, ресми дереккөздерге сүйену, қоғамдық пікірді дұрыс қалыптастыру – әрбір журналистің басты міндеті. Бұл тұрғыда Түркістан облысының ақпарат құралдары кәсіби этиканы сақтай отырып, халыққа шынайы әрі сапалы ақпарат ұсынуға ерекше мән беріп келеді.

Өңірде жас журналистерді қолдау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түрлі шығармашылық байқаулар, семинарлар, шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға жағдай жасалуда. Бұл бастамалар өңір журналистикасының сапасын көтеріп, жаңа буын мамандарының қалыптасуына ықпал етеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Түркістан облысында жыл сайын түрлі мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде дәстүрлі спартакиаданың орны ерекше. Биыл сегізінші рет өткен жарысқа облыстың әр аудан-қаласынан келген журналистер қатысып, спорттың бірнеше түрінен өзара бақ сынады. Мұндай шаралар әріптестер арасындағы достықты нығайтып, ұжымдық рухты қалыптастырумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.

Бүгінде өңір журналистері тек жаңалық жеткізуші ғана емес, қоғамдағы оң өзгерістердің насихатшысы әрі халықтың сенімді серігіне айналды. Олар елдегі реформаларды түсіндіруде, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын жариялауда, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде және қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

БАҚ қызметкерлері күні – ақпарат саласы мамандарының қажырлы еңбегіне көрсетілетін құрметтің жарқын көрінісі. Бұл мереке журналистердің кәсіби беделін арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқындай түседі. Түркістан облысының журналистері алдағы уақытта да елдің дамуы жолындағы маңызды бастамаларды халыққа жан-жақты жеткізіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қоса береді.