Жетісай ауданында бұқаралық спортты дамытуға, қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды спорттық шара өтті. Ауданның бюджеттік мекемелерінде еңбек ететін қызметкерлер арасында волейболдан «Жетісай ауданы әкімінің кубогі» үшін турнир ұйымдастырылып, жарыс жоғары деңгейде әрі тартысты өтті. Бұл дода аудан мекемелері арасындағы ынтымақты нығайтып қана қоймай, спорт арқылы ұжымдық рухты күшейткен маңызды іс-шаралардың біріне айналды.
Аталған турнирге Жетісай ауданындағы 43 бюджеттік мекемеден жасақталған 24 команда қатысып, 300-ге жуық ойыншы өзара мықтыны анықтады. Командалар халықаралық FIVB ережесіне сәйкес 8 топқа бөлініп, іріктеу кезеңінде өзара ойын өрнегін көрсетті. Әрбір кездесу жоғары қарқынмен өтіп, қатысушылардың дайындық деңгейі мен волейбол шеберлігі айқын байқалды. Қызмет бабында әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар спорт алаңында бір мақсат жолында жұмылып, нағыз командалық ойынның үлгісін көрсетті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрышбек Елшібаев, сондай-ақ бірқатар мекеме басшылары қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың еңбек ұжымдары арасындағы бірлікті арттырып, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, төрешілерге әділ төрелік жасап, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосуды тапсырды.
Жарыс барысында ойындар аса тартысты өтті. Әр команда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салып, алаңда шеберлік пен тактикалық ойлау қабілетін көрсете білді. Топтық кезең мен плей-офф ойындарында күтпеген нәтижелер тіркеліп, турнирдің қызығын арттыра түсті. Қатысушылардың белсенділігі мен спортқа деген қызығушылығы көрермендер тарапынан да жоғары қолдауға ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар өз иелерін тапты. Жетісай газ шаруашылығы мекемесі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің құрамасы жақсы ойын өрнегін көрсетіп, IV орынға ие болды. Ал «Жетісай» және «Асықата» аудандық ауруханаларының біріккен құрамасы жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады. Аудандық экономика және қаржы бөлімі мен аудандық білім бөлімінен құралған команда финалға дейін жетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Турнирдің басты жеңімпазы атанған команда – аудан әкімі аппараты мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінен жасақталған волейболшылар болды. Олар шешуші ойындарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі І орынды жеңіп алып, «Жетісай ауданы әкімінің кубогін» өз қоржындарына салды. Бұл жеңіс команданың ұйымшылдығы мен тұрақты дайындықтың нәтижесі екені анық байқалды.
Сонымен қатар турнир аясында жекелеген ойыншылар арасында арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы», «Үздік тосқауылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік байланыстырушы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік төреші» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, олар ұйымдастырушылар тарапынан кубоктармен, медальдармен, қаржылай және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар қатысушылардың спортқа деген ынтасын арттырып, алдағы уақытта да белсенділік танытуына серпін берді.
Турнир соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жарысқа қатысқан барлық командаларға алғысын білдіріп, қызметкерлер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, спорттың әрбір түрі бойынша арнайы турнирлер ұйымдастырылып, аудан қызметкерлерінің спортпен шұғылдануына жан-жақты қолдау көрсетіле бермек.
Жалпы, «Жетісай ауданы әкімінің кубогі» үшін өткен бұл волейбол турнирі аудан өміріндегі маңызды спорттық оқиғалардың біріне айналып, ұжымдар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайта түсті. Мұндай мазмұнды жарыстар Жетісай ауданында спорттың кеңінен дамуына және қызметкерлердің белсенді өмір салтын ұстануына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.