Сайлауалды науқан аясында еліміздің саяси партиялары өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, азаматтарды толғандыратын әлеуметтік және экономикалық мәселелерді күн тәртібіне шығаруда.
«Әділет» партиясы Ақтөбе облысында өткен кездесулерде отбасы институтын қолдау, ана мен бала денсаулығы, әйелдер кәсіпкерлігі, құқықтық мемлекет пен сот жүйесінің тәуелсіздігі мәселелерін талқылады. Қатысушылар әлеуметтік қолдау мен құқықтық мәдениетті нығайтуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Өскеменде кәсіподақтар конгресін өткізіп, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғау және зиянды өндіріс қызметкерлерінің зейнетақы мәселелеріне назар аударды.
«Байтақ» жасылдар партиясы экологиялық бағыттағы кездесулерін жалғастырып, Алматы облысында Іле өзені мен Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар партия өкілдері Астана және Қызылорда облысында тұрғындармен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қазақстанның Халық партиясы инклюзия, әлеуметтік қорғау және отбасы институтын қолдау тақырыптарына басымдық берді. Партия өкілдері ерекше қажеттілігі бар балаларға қолжетімді орта қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және алимент төлеу мәселелерін талқылады.
Осылайша, сайлауалды науқан барысында партиялар халықпен ашық диалог жүргізіп, әртүрлі саладағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстары мен бастамаларын таныстыруды жалғастыруда.