Энергетика саласының үздіктері марапатталды

Энергетика саласының үздіктері марапатталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен «Энергетика саласының үздігі» республикалық байқауы өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – еліміздің энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби біліктілігімен, адалдығымен және жоғары жауапкершілігімен ерекшеленген сала мамандарының еңбегін дәріптеу және оларды көпшілікке үлгі ету.

Республикалық деңгейдегі байқауға еліміздің әр өңірінен энергетика саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар қатысты. Байқау барысында қатысушылардың кәсіби жетістіктері, еңбек өтілі, салаға қосқан үлесі мен қоғамдық белсенділігі жан-жақты бағаланды. Нәтижесінде өз ісінің нағыз майталманы атанған үздік мамандар арнайы дипломдармен және марапаттармен марапатталды.

Аталған байқауда Түркістан облысының намысын қорғаған облыс әкімдігі жүйесінің өкілі, білікті электрик Талғат Жәнібеков жоғары жетістікке қол жеткізіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл марапат – оның энергетика саласындағы көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ өз қызметіне деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Талғат Жәнібеков еңбек жолында электр энергетикасы саласының тұрақты жұмыс істеуіне, инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз етуге және тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен қамтуға бағытталған жұмыстарға белсенді үлес қосып келеді. Әріптестері арасында тәжірибелі маман ретінде танылған ол жас қызметкерлерге тәлімгерлік жасап, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді.

«Энергетика саласының үздігі» республикалық байқауы – сала мамандарының қажырлы еңбегін бағалап қана қоймай, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Мұндай байқаулар еңбек адамын дәріптеп, кәсібіне адал қызмет етіп жүрген мамандарды ынталандыруға және жастарды техникалық мамандықтарға қызықтыруға ықпал етеді.

Түркістан облысының өкілі Талғат Жәнібековтің республикалық деңгейде жоғары марапатқа ие болуы – өңір энергетиктерінің кәсіби әлеуеті мен біліктілігінің жоғары екенін көрсететін маңызды жетістік. Бұл марапат оның жеке еңбегінің ғана емес, өңірдегі энергетика саласының тұрақты дамуына үлес қосып жүрген барлық мамандардың ортақ жетістігі болып саналады.