Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде ел спортының абыройын асқақтатқан айтулы жеңістер құрметіне салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, еркін күрес пен армрестлингтен Әлем чемпионаттарында топ жарып, халықаралық аренада ел мерейін үстем еткен спортшылармен кездесті. Бұл шара облыс спортының жаңа белесін паш етіп, өскелең ұрпаққа айрықша шабыт берді.
Биылғы жылы Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен ересектер арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Аталған байрақты додаға Қазақстан құрамасы сапында Түркістан облысының намысын еркін күрестен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асылжан Есенгелді қорғады. Күрделі жарыста әлемнің 76 мемлекетінен келген үздік балуандармен бақ сынаған жерлесіміз қола жүлдені жеңіп алды. Бұл жүлде тек жеке жетістік қана емес, тұтас облыс спортындағы тарихи жаңалық болды. Себебі, араға 16 жыл салып, Түркістан өңірінен еркін күрестен ересектер арасындағы Әлем чемпионатынан алғаш рет жүлде алған спортшының шығуы — өңір спортшыларының өсіп, өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Асылжан осыған дейін жастар арасында қола және күміс медальдарға ие болып, өзінің болашағы зор балуан екенін дәлелдеген еді. Енді ересектер арасындағы жетістігі оның ұзақ жылдар бойы жүргізген тыңғылықты дайындығының жемісі екені анық. Бұл жеңістің артында талмай тер төккен жаттықтырушылардың еңбегі мен спортшының өзіне деген сенімі жатыр.
Асылжанның бұл табысы Түркістан жастарына үлгі болып, еркін күреспен айналысатын жасөспірімдерге ерекше мотивация береді. Ел көлемінде еркін күрестің дамуына серпін беретін бұл медаль — тек спорттық жетістік емес, патриотизмнің, қайсарлық пен табандылықтың көрінісі. Салтанатты жиында Асылжан Есенгелдіге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров су жаңа автокөлік кілтін табыстап, жерлесіміздің ел үшін жасаған еңбегін ерекше атап өтті.
Еркін күрестен бөлек, Болгарияның Албена қаласында өткен армрестлингтен Әлем чемпионатында да қазақстандық спортшылар зор табыстарға қол жеткізді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жоғары нәтиже көрсетіп, ерекше көзге түсті. Алайда ерекше қуантатыны — Шардара ауданының спортшыларының қосқан үлесі. Аталмыш бәсекеде Шардаралық спортшылар 19 алтын медаль жеңіп алып, әлемдегі ең үздік командалардың бірі екенін тағы да дәлелдеді. Бұл жетістік — аудандық спорт мектептеріндегі жүйелі жұмыстың, талантты жастарды қолдаудың және кәсіби жаттықтырушылардың еңбегінің айғағы.
Салтанатты жиында армрестлингтен әлем чемпиондарына да лайықты құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Айдархан Нұрдаулет Мырзаханұлы, Зәрубек Санжар Серікжанұлы және Мұхамбетов Ердәулет Нұрсейітұлына арнайы автокөлік кілттері табысталды. Бұл тек марапаттау рәсімі ғана емес, жастарға жігер сыйлаған үлкен қолдау. Әлем чемпиондарын ұлықтау арқылы Түркістан облысы жастарға еңбек пен табандылықтың нәтижесі ешқашан елеусіз қалмайтынын көрсетті. Олардың жеңістері — облыс спортының халықаралық деңгейдегі жетістігі. Әсіресе, ауылдық жерде туып-өскен спортшылардың әлемдік аренада топ жаруы өзге де ауыл жастарына үлкен сенім мен серпін береді.
Жеңімпаздар ғана емес, олардың артында тұрған бапкерлер мен ұйымдастырушылар да назардан тыс қалмады. Осы орайда жас спортшылардың халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуын қамтамасыз етіп жүрген команда жетекшісі Құттымұратов Медет Құттымұратұлына облыс әкімдігі тарапынан 10 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табысталды. Бұл — тек қаржылай қолдау емес, жаттықтырушының еңбегіне берілген жоғары баға. Өйткені бір ғана жеңіс емес, жүйелі нәтиже көрсету — кәсіби жетекшіліктің, жан-жақты әдістемелік жұмыстың, мақсатты жоспардың нәтижесі. Команда жетістігі — жеке мықтылықтың емес, бірліктің, тәртіптің және ұжымдық рухтың көрінісі екені анық.
Жалпы, Түркістан облысында спортқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары аймақта спорт нысандары көптеп салынып, ауылдық жерлерде де спортпен жүйелі айналысуға жағдай жасалуда. Мектеп жасындағы балалар мен жастар арасында спорттық үйірмелер саны артып, кәсіби бапкерлермен жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде Түркістаннан шыққан спортшылар халықаралық ареналарда көбірек көрініп жүр. Бұл жолы да еркін күрестен және армрестлингтен келген жеңістер соның жарқын дәлелі болды. Әкімдік тарапынан көрсетілген құрмет пен марапаттар алдағы уақытта өзге де жас спортшыларға үлкен шабыт беретіні сөзсіз.
Осындай қолдаулардың арқасында Түркістан облысы болашақта еліміздің спорттық картасында жетекші аймақтардың біріне айналуы әбден мүмкін. Жергілікті спортшылардың әлем чемпионаттарынан жүлде алу үрдісі тұрақты сипат алуы үшін қазіргі жүйелі жұмысты әрі қарай да жалғастыру маңызды. Бүгінгі марапат тек өткен жетістікті бағалау ғана емес, ертеңгі биік белестерге жол ашатын нақты қадам. Түркістан спортының жеңісті дәстүрі жалғаса берсін.