Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына бес жыл толуына орай «Бес жыл – бес белес» атты мерейтойлық салтанатты жиын өтті. Өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналған мерекелік іс-шара кітапхананың қалыптасу жолы мен жетістіктерін қорытындылап, алдағы даму бағыттарын айқындауға арналды.
Мерейтойлық жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, республикалық және өңірлік кітапханалардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ардагер кітапханашылар, жас мамандар, оқырмандар мен кітапхана ісінің жанашырлары қатысты.
Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев кітапхана ұжымын мерейтоймен құттықтап, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының аз уақыт ішінде еліміздегі заманауи кітапханалардың біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, кітапхана тек кітап сақталатын орын ғана емес, ғылымды, білімді, мәдениетті және ұлттық руханиятты тоғыстыратын маңызды қоғамдық кеңістікке айналып отыр.
Ертай Алтаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы тапсырмалары жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы ретте «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы өңір тұрғындарына сапалы ақпараттық қызмет көрсетіп қана қоймай, түрлі мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асырып, оқырман мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келе жатқанын жеткізді.
Салтанатты жиында кітапхана саласының дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің және мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар дәстүрге айналған «Оқитын өлке», «Жыл кітапханашы» және «Алтын формуляр» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Бұл марапаттар кітап оқу мәдениетін дамытуға және кітапхана қызметін жетілдіруге үлес қосқан мамандардың еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Мерейтой аясында кітапхананың бес жылдық даму жолы мен жетістіктерін қамтитын арнайы деректі бейнеролик көрсетілді. Онда кітапхананың қайта жаңғыртылған сәтінен бастап бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстар, жүзеге асқан жобалар, халықаралық байланыстар, цифрландыру бағытындағы жаңашыл бастамалар мен оқырмандарға ұсынылып отырған жаңа қызмет түрлері кеңінен таныстырылды.
Шара барысында ұйымдастырылған «Бес жыл – бес белес» атты кітап көрмесі көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеге кітапхана тарихына қатысты құжаттар мен фотоматериалдар, сирек қордағы бірегей басылымдар, өңір тарихына арналған құнды еңбектер, соңғы жылдары жарық көрген ғылыми және әдеби кітаптар, сондай-ақ кітапхананың жүзеге асырған жобалары туралы материалдар қойылды. Көрме келушілерге кітапхананың қорындағы құнды мұралармен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Мерекелік іс-шара барысында кітапхана ісінің дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер кітапханашылар мен сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың кітапхана жүйесін дамытудағы еңбектері жоғары бағаланды. Сонымен қатар жас мамандар мен тәжірибелі кітапханашылардың сабақтастығы, кәсіби тәжірибе алмасу және кітапхана қызметін жетілдіру мәселелері де кеңінен сөз болды.
Жиын аясында халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестердің қатысуымен мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар кітапхана ісін дамыту, ғылыми-ақпараттық ресурстармен алмасу, цифрлық технологияларды енгізу және бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
2021 жылы пайдалануға берілген «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы бүгінде Түркістан облысының ең ірі мәдени-ағартушылық және ғылыми-ақпараттық орталықтарының біріне айналды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапханада кең оқу залдары, электронды кітапхана жүйесі, цифрлық ақпараттық қызмет көрсету орталықтары, ғылыми-зерттеу және конференция залдары, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар электронды ресурстарға қолжетімділік, онлайн қызметтер және заманауи білім беру мүмкіндіктері ұсынылады.
Соңғы бес жыл ішінде кітапханада жүздеген мәдени-көпшілік іс-шаралар, халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әдеби кештер, кітап тұсаукесерлері, шығармашылық кездесулер, оқырмандар форумдары мен танымдық жобалар ұйымдастырылды. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттырып, жастардың рухани-мәдени дүниетанымын кеңейтуге оң ықпал етті.
Бүгінде кітапхана цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқаруда. Электронды каталогтарды дамыту, цифрлық қор қалыптастыру, сирек кітаптарды электронды форматқа көшіру, қашықтан қызмет көрсету жүйесін жетілдіру және халықаралық ақпараттық платформалармен ықпалдасу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде оқырмандардың әлемдік ақпараттық ресурстарға қолжетімділігін кеңейтіп, кітапхана қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеруде.
«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы тек кітап қоры мол мәдени мекеме ғана емес, өңірдің ғылыми, білім беру және шығармашылық ортасына айналып отыр. Мұнда өткізілетін түрлі жобалар жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық әдебиет пен мәдени мұраны насихаттауға, сондай-ақ қоғамдық сананы дамытуға бағытталған.
«Бес жыл – бес белес» атты мерейтойлық іс-шара кітапхананың өткен жолын қорытындылап қана қоймай, оның алдағы даму бағыттарын айқындаған маңызды рухани басқосу болды. Бес жыл ішінде қол жеткізілген жетістіктер кітапхана ұжымының кәсіби еңбегінің нәтижесін көрсетсе, алдағы кезеңге жоспарланған жаңа жобалар өңірдің мәдени өмірін одан әрі байыта түсері сөзсіз. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы алдағы уақытта да кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ғылыми-ақпараттық қызметті жетілдіру және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.