ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАЛУАНДАР 15 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАЛУАНДАР 15 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Жетісай ауданында спорт пен руханиятты, ұлт бірлігі мен жас ұрпақ тәрбиесін ұштастырған ірі халықаралық спорттық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Ой қамшы» әдеби, тарихи білім жобасының бастамасымен, сондай-ақ Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігімен «Елім менің – Қазақстан» ұранымен өткен еркін күрестен халықаралық турнир ел тәуелсіздігін ұлықтауға, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталған маңызды спорттық оқиғаға айналды.

Айтулы дода Жетісай ауданы үшін ғана емес, тұтас өңір спортшылары үшін үлкен мәнге ие болды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған турнирге көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларынан, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарынан келген 32 команда құрамындағы 500-ге жуық жас балуан қатысып, 17 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде өзара мықтыны анықтады. Мұндай ауқымды жарыс Жетісай өңірінде сирек өтетіндіктен, турнирге деген қызығушылық та ерекше жоғары болды.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай халықаралық турнирлердің жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырудағы, елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар ашылу салтанатына спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, спорт жанашыры Құнанбай қажы Мұсаев бастаған ел ағалары, Мақтаарал аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, жасөспірімдер арасында спорттық тәрбие мен тәртіпті қалыптастыру, достық пен өзара сыйластықты нығайту, сондай-ақ еркін күрес спорты арқылы болашақ чемпиондарды анықтау болды. Осы мақсатта ұйымдастырылған жарыс барысында әрбір балуан өз дайындығын, төзімділігін, қайсар мінезін және жеңіске деген жігерін паш етті. Боз кілем үстіндегі әрбір белдесу көрермендерге ерекше әсер сыйлап, тартысты әрі жоғары деңгейде өтті.

Жарысқа арнайы қонақ ретінде еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, өзбекстандық белгілі балуан Ихтиер Наврузов қатысты. Танымал спортшылар мен ел ағалары жас балуандарға ақыл-кеңестерін айтып, спорттағы тәртіп пен табандылықтың маңызын атап өтті.

Халықаралық турнирдің 12–14 желтоқсан күндері аралығында 2011–2013 және 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында өтуі жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, халықаралық деңгейде сынға түсуіне үлкен мүмкіндік берді. Жас балуандар үшін мұндай жарыстар болашақ спорт жолындағы маңызды мектеп саналады. Себебі дәл осындай бәсекелерде олар жеңіске деген жігерді, жеңілісті қабылдай білуді, тәртіп пен жауапкершілікті үйренеді.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Қырғызстан құрамасы 2 алтын және 3 қола медаль иеленіп, үшінші орынға тұрақтады. Өзбекстан балуандары 4 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен екінші орынды қанжығасына байлады. Ал қазақ балуандарының жас буыны боз кілемде айқын басымдық танытып, 12 алтын, 13 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастады. Бұл нәтиже елімізде еркін күрес спортының дамуы жүйелі жолға қойылғанын және жасөспірімдер даярлығының жоғары деңгейде екенін айқын көрсетті.

Жалпы жүлделердің ішінде Жетісай ауданының жасөспірім балуандары ерекше көзге түсіп, 6 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль иеленді. Бұл — жетісайлық спортшылардың дайындығы мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің нақты жемісі. Өз өңірінде өткен халықаралық жарыста жергілікті балуандардың осындай жоғары нәтиже көрсетуі көрермендердің де, мамандардың да зор ықыласына ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, аудан әкімінің дипломдарымен, чемпиондық белбеулермен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан ұйымдастырушыларға Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттары табыс етілді. Бұл — олардың еңбегіне берілген әділ баға әрі алдағы уақытта да осындай ауқымды жарыстарды өткізуге үлкен серпін.

Аталған халықаралық турнир Жетісай өңірінде бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдерді спортқа баулуға және еркін күрес мектебін одан әрі нығайтуға зор үлес қосты. Мұндай жарыстар жас спортшылардың ғана емес, тұтас қоғамның спортқа деген қызығушылығын арттырып, ел ішінде салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен бұл халықаралық дода ел бірлігін, достықты, бейбітшілікті және спорт арқылы тәрбиеленетін рухани құндылықтарды тағы бір мәрте айқындады. Жетісайлық балуандардың 15 медаль иеленуі — өңір спортының әлеуеті жоғары екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Бұл жеңістер алдағы уақытта да жас спортшылардың үлкен ареналарда ел намысын қорғап, көк байрақты биікте желбірететініне сенім ұялатады.