Кентауда металлургтер күні қарсаңында кенші ардагерлерге құрмет көрсетілді

Кентауда металлургтер күні қарсаңында кенші ардагерлерге құрмет көрсетілді

Қазақстанда жыл сайын шілде айының үшінші жексенбісінде Металлургтер күні аталып өтеді. Бұл – тау-кен және металлургия саласында қажырлы еңбек етіп, елдің өндірістік әлеуетін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілетін ерекше мереке. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын тауып, Кентау қаласында Металлургтер күні қарсаңында кенші ардагерлерге арналған тағылымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Мерекелік жиын Кентау қаласындағы тарихи маңызы зор «Кенші аллеясында» өтті. Бұл орын – кен өндірісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарының ерен еңбегін ұлықтайтын қасиетті мекен. Салтанатты шараға қала басшылығы, өндіріс саласының ардагерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, «Ащысайтүстіметалл» комбинатының еңбек ардагері, Кентау қаласының Құрметті азаматы Исахан Жұмабаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов кенші ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіне жоғары баға берді.

Қала әкімі Жандос Тасов өз құттықтау сөзінде кенші мен металлург мамандығының жауапкершілігі зор әрі құрметті кәсіп екенін атап өтті.

– Металлургия және кен өндірісі – еліміздің индустриялық дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл салада еңбек ету үлкен төзімділікті, батылдықты, кәсіби білім мен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сіздер ұзақ жылдар бойы өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып, Кентау қаласының ғана емес, тұтас еліміздің өндірістік әлеуетінің дамуына зор үлес қостыңыздар. Еңбекке адалдық, кәсіби шеберлік пен Отан алдындағы жауапкершілік секілді қасиеттерді кейінгі буынға үлгі етіп қалдырдыңыздар. Бүгінгі ұрпақ сіздердің еңбектеріңізді әрдайым мақтан тұтады. Қаламыздың өркендеу жолында салып кеткен сара жолдарыңыз әрдайым жалғасын табады, – деді қала әкімі.

Шара барысында сөз алған «Ащысайтүстіметалл» комбинатының еңбек ардагері, Кентау қаласының Құрметті азаматы Исахан Жұмабаев кен өндіру саласының қалыптасу кезеңдері туралы естеліктерімен бөлісіп, өндірістегі қауіпсіздік мәдениеті мен еңбек тәртібінің маңызына тоқталды. Ол жас мамандарға кәсіби білімді үздіксіз жетілдірудің, еңбекке жауапкершілікпен қараудың және өндірістік дәстүрлерді сақтаудың маңызын айтты.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов та кеншілер еңбегінің ел экономикасындағы орны ерекше екенін айтып, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы жас ұрпақ үшін үлкен мектеп екенін жеткізді. Ол еңбек адамын дәріптеу – қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті.

Мерекелік іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – сала ардагерлері мен өндіріс қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды. Ұзақ жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы», «Құрметті кенші», «Кенші даңқы» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар «Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы» «Қазақ КәсіподақМеталл» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталары мен Кентау қаласы әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде тапсырылды.

Марапат иелері – өндірісте ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, өз ісіне адалдық танытқан, жас буынға кәсіби тәжірибесін үйретіп, кен өндірісі саласының дамуына лайықты үлес қосқан азаматтар. Олардың еңбегі қала жұртшылығы тарапынан зор құрметке ие.

Кентау қаласының тарихы кен өндірісімен және металлургия саласының дамуымен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың ортасында өндірістік қала ретінде қалыптасқан Кентау кен байлығын игеру арқылы республикадағы маңызды өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. Қала экономикасының дамуына мыңдаған кенші мен металлург өлшеусіз үлес қосты. Олардың қажырлы еңбегі арқасында өндірістік әлеует қалыптасып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қаланды.

Бүгінде кенші ардагерлердің тәжірибесі мен еңбек дәстүрі кейінгі буын үшін үлкен өнеге болып отыр. Мемлекет тарапынан еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, өндіріс саласының мамандарын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар кәсіби мерекелер аясында еңбек озаттарын марапаттау, өндіріс ардагерлеріне құрмет көрсету және жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Іс-шара барысында кен өндірісі саласының қалыптасуы мен дамуына арналған естеліктер айтылып, еңбек жолында ерекше із қалдырған азаматтардың өнегелі өмірі жастарға үлгі ретінде дәріптелді. Жас буын өкілдері ардагерлермен еркін пікір алмасып, олардың өмірлік тәжірибесі мен кәсіби ұстанымдары туралы тағылымды әңгімелер тыңдады.

Мерекелік шараның соңында қатысушылар өндіріс саласының дамуына зор үлес қосып, бүгінде өмірден өткен кеншілердің рухына тағзым етті. «Кенші аллеясында» орналасқан ескерткішке гүл шоқтары қойылып, олардың ел игілігі жолындағы адал еңбегі құрметпен еске алынды. Бұл рәсім кен өндірісі саласында еңбек еткен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын, олардың еңбегі кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын айғақтады.

Металлургтер күніне арналған тағылымды іс-шара еңбек адамын ұлықтау мен өндіріс саласының ардагерлеріне құрмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналды. Кентау қаласында қалыптасқан кеншілік дәстүр бүгінгі күні де жалғасын тауып, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына жол ашуда. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі, қажырлы еңбегі мен туған жерге деген адалдығы – келешек ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала береді.