Президент Жолдауында азаматтардың медициналық көмекті сапалы әрі қолжетімді алуын қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі ретінде атап өтілген болатын. Осы бағытта денсаулық сақтау жүйесінде маңызды өзгерістер енгізіліп, елімізде онкологиялық аурулардың алдын алу шаралары жаңа деңгейге көтерілді.
Енді сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігіне арналған скринингтер барлық азаматтарға тегін қолжетімді. Бұл қызметтерді алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесінің болуы талап етілмейді. Яғни, кез келген адам өз емханасына барып, қажетті тексеруден өте алады.
Бұл жаңашылдық шамамен 300 мыңға жуық азаматқа қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Ерте диагностикалау арқылы ауруды емдеудің тиімділігі айтарлықтай артып, өмірді сақтап қалу көрсеткіші жоғарылайды. Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық дерттердің көпшілігі бастапқы кезеңінде анықталса, толық емделіп шығуға мүмкіндік бар.
Онкоскрининг бағдарламасы аясында азаматтар өз аймақтарындағы емханалар мен ауруханаларға барып, маммолог, гинеколог және онколог мамандардың кеңесіне жүгіне алады. Тексеру барысында маммография, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), ПАП-тест және басқа да диагностикалық әдістер жүргізіледі. Скрининг нәтижелері бойынша дәрігерлер әр адамға жеке қорытынды шығарып, қажет болған жағдайда қосымша ем-шаралар немесе зерттеулер ұсынады.
Жаңа тәртіп бойынша скринингтік тексерулерден өтетін жас шамасы да ұлғайтылды. Енді қамту жасы 76 жасқа дейін ұзартылды. Бұл өзгеріс егде жастағы азаматтардың денсаулығын бақылауда ұстауға және онкологиялық аурулардың жасқа байланысты қауіп факторларын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Қазан айы – дәстүрлі түрде сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу айы болып есептеледі. Осыған орай елдің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысы мен аудандық емханаларда ашық есік күндері ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар кезінде әйелдер мамандардың кеңесін алып, скринингтік тексерулерден тегін өтуге мүмкіндік алады.
Мамандар тұрғындарды өз денсаулығына бейжай қарамауға, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. «Ерте анықтау мен уақтылы емделу – өмірді сақтаудың басты жолы», – дейді дәрігерлер. Әсіресе, сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісігінің алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу маманға жүгіну аса маңызды.
Онкологиялық аурулардың алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Тегін онкоскрининг бағдарламасы халық денсаулығын нығайтуға және аурудың асқынуына жол бермеуге бағытталған. Әр азамат өз денсаулығы үшін жауапкершілік танытып, емханасына барып тексеруден өтсе, дерттің алдын алуға мүмкіндік көп болмақ.
Түркістан облысында онкоскрининг бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Өңірдегі барлық емханалар мен медициналық орталықтарда арнайы тексеру кабинеттері ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін қызмет көрсетілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері онкоскринингтен өткен тұрғындардың саны ай сайын артып келеді. Бұл тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің артқанын және профилактикалық тексерудің маңыздылығын түсінудің жоғарылағанын көрсетеді.
Скринингтің басты мақсаты – ауруды ерте кезеңінде анықтап, уақтылы ем жүргізу арқылы қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету. Дәрігерлердің айтуынша, көптеген әйелдер сүт безі қатерлі ісігін кеш анықтайтындықтан, емдеу процесі күрделеніп кетеді. Сондықтан мамандар тұрақты тексеруден өтуді ұсынады. Ал ерте диагностика кезінде ауру емдеуге жақсы бейім болады және адам толық сауығып шығуға мүмкіндік алады.
Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу айы аясында Түркістан облысының емханаларында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мамандар тұрғындарға кеңес беруде. Сонымен қатар, өңірдің бірнеше емханасында «Ашық есік күні» өткізіліп, әйелдерге тегін маммографиялық тексеру жасалып жатыр. Бұл шараларға әртүрлі жастағы әйелдер қатысып, өз денсаулығын тексеруге мүмкіндік алып отыр. Мамандардың пікірінше, тұрғындар арасында скринингке қатысу белсенділігінің артуы онкологиялық аурулардың ерте анықталуына және емдеудің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта да скринингтік бағдарламалар белсенді түрде жүргізілуде. Әйелдерге арналған ПАП-тест сынамалары тегін алынып, зертханаларда тексеріледі. Егер күмәнді нәтижелер анықталса, науқасқа қосымша диагностика жүргізіледі. Мұндай жүйе ауруды бастапқы кезеңінде анықтауға және ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тоқ ішек қатерлі ісігінің скринингі де ел бойынша кеңейтілген. Бұл бағдарлама 40 жастан асқан азаматтарға арналған және нәжістегі жасырын қан талдауы мен қажет болған жағдайда эндоскопиялық зерттеу жүргізуді қамтиды. Мұндай тексеру түрі қатерлі ісікті немесе полиптерді ерте кезеңде анықтауға, әрі уақтылы ем тағайындауға мүмкіндік береді.
Мамандар скринингтің тиімділігі жоғары екенін атап өтеді. Әлемдік тәжірибеде онкологиялық аурулардың 40 пайызға жуығы профилактикалық шаралардың арқасында ерте анықталады. Қазақстанда да дәл осы бағытты күшейту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қатерлі ісікке байланысты өлім-жітімді азайту көзделіп отыр.
Облыстық онкологиялық орталықтың дәрігер-онкологтары тұрғындарға өз денсаулығына бейжай қарамауға кеңес береді. «Біздің мақсат – аурудың алдын алу. Егер әр азамат жылына бір рет тексеруден өтіп тұрса, көптеген жағдайларда дерттің асқынуына жол бермеуге болады. Скрининг — тек емханаға барып, аздаған уақыт бөлу ғана, бірақ оның нәтижесі — өмірді сақтап қалу», – дейді мамандар.
Сонымен қатар, облыста ақпараттық акциялар мен әлеуметтік науқандар да өткізіліп жатыр. Денсаулық сақтау ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесе отырып, халыққа скринингтің маңызын түсіндіруде. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы бейнероликтер, дәрігерлердің кеңестері және нақты мысалдар жариялануда. Бұл шаралар онкологиялық дерт туралы қоғамның сауаттылығын арттырып, қорқыныш пен қате түсініктерді азайтуға бағытталған.
Скринингтік бағдарламалар мемлекет тарапынан толық қаржыландырылып, тұрғындарға тегін көрсетіледі. Әрбір емханада арнайы мамандар мен диагностикалық жабдықтар бар. Қызмет алу үшін тек жеке куәлік пен тіркелген емханаға жүгіну жеткілікті. Егер азамат басқа өңірде тұрып жатса, уақытша тіркелу арқылы да тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Онкоскрининг – бұл жай тексеру ғана емес, ол өз өміріңді сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам. Ерте анықталған дерттің емделу мүмкіндігі жоғары екенін ұмытпау қажет. Дәрігерлер әр азаматқа жылына бір рет профилактикалық тексеруден өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға кеңес береді.