Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны жалғасуда. Саяси партиялар өңірлердегі кездесулерін, қоғамдық іс-шараларын және түрлі форматтағы үгіт жұмыстарын жалғастырып, сайлаушыларға өз бағдарламалары мен бастамаларын таныстыруда. Бұл кезеңде партиялар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерге басымдық беріп, өзара пікірталастарға да белсенді қатысуда.
«Әділет»: ауылды дамыту және әділетті қоғам құру басымдықта
«Әділет» партиясы «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясындағы өңірлік сапарын Солтүстік Қазақстан облысында жалғастырды. Партия өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады. Кездесулер барысында ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты 100-ге жуық ұсыныс жиналды.
Сонымен қатар спортшылармен, еңбек ұжымдарымен және туризм саласының өкілдерімен өткен кездесулерде параспортшыларды қолдау, балалар және бұқаралық спортты дамыту, ауыл жаттықтырушыларына грант бөлу, ArtSport және Damubala бағдарламаларын қаржыландыру мәселелері көтерілді.
«НОВОПЭК» кәсіпорнында өткен кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірісті дамыту және экономикадағы орта бизнестің үлесін 7 пайыздан 20 пайызға дейін жеткізу жоспарлары таныстырылды. Ал Бурабай ауданында туризм инфрақұрылымын жаңғырту, экотуризм мен агротуризмді дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалар талқыланды.
Күн соңында партия мүшелері «Жеңіс» – «Елімай» футбол матчын тамашалап, спортшыларға қолдау көрсетті.
ОСДП: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен киберқауіпсіздік мәселелері көтерілді
ОСДП төрағасы Асхат Рахымжанов бастаған партия өкілдері Қарағандыда азаматтық тыңдау өткізді. Іс-шара барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы мәселелер, кибералаяқтықпен күрес және өңірдің экологиялық жағдайы талқыланды.
Партия тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен МИБ мәселелері бойынша жеке палата құруды, интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды күшейтуді және ауа мен судың сапасы туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ қала тұрғындарымен кездесулерде еңбек жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелері сөз болды.
«Байтақ»: экология – негізгі басымдық
«Байтақ» жасылдар партиясы сайлауалды науқанын экологиялық акциялармен жалғастырды. Партия мүшелері Арал қаласында таңғы марафон ұйымдастырып, табиғатты қорғау мен салауатты өмір салтын насихаттады.
Сонымен бірге «Биік мақсат – мықты команда» акциясы басталып, кандидат Ұлан Мұсаев бастаған команда экологиялық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарын таныстырды. Партия сайлауалды кезеңде таза ауа, таза су және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеді.
Қазақстан Халық партиясы ерекше қажеттілігі бар балалардың мәселелерін көтерді
Қазақстан Халық партиясының өкілдері spina bifida диагнозы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен кездесті. Кездесу барысында медициналық көмек, оңалту қызметтері, техникалық құралдармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.
Тараптар ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шешімдерді қарастырды.
«Ауыл»: фермерлерді қолдау және ауыл экономикасын дамыту
«Ауыл» партиясының төрағасы Қалижан Айтуғанов Ақмола облысындағы Үлгі ауылында тұрғындармен кездесті. Партия фермерлерді қолдау, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау бағытындағы ұсыныстарын таныстырды.
Сондай-ақ «Құс: ауладан дастарқанға дейін» жобасы арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне назар аударылды. Ауыл тұрғындары жол сапасы, жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау мәселелерін көтерді.
«Ақ жол»: подкаст, велошеру және сайлаушылармен кездесулер
«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды жұмысын бірнеше форматта жалғастыруда. Партия кандидаттарының қатысуымен подкасттар сериясы басталып, алғашқы шығарылым қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы күрес тақырыбына арналды.
Сонымен қатар партияны қолдаушылар ұйымдастырған велошерулер жалғасып жатыр. Кандидат Андрей Линник Алматыдан Жамбыл облысына велосипедпен аттанса, Батыс Қазақстан облысының өкілі А. Айболатов Ақтөбе облысына дейінгі бағытын жалғастыруда.
Маңғыстауда партия штабы теңізде акция өткізіп, Мемлекеттік Ту мен партия туын көтерді. Сонымен бірге Қостанай мен Көкшетауда сайлаушылармен кездесулер ұйымдастырылып, партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды.
Respublica: төрт күндік жұмыс аптасына қатысты сын
Respublica партиясы Алматыда кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ОСДП-ның төрт күндік жұмыс аптасына көшу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.
Партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсат Кикимов бұл бастаманың бизнеске түсетін экономикалық жүктемесі толық есептелмегенін айтты. Оның пікірінше, жұмыс уақытын қысқартып, жалақы көлемін сақтап қалу ұсынылғанымен, кәсіпкерлердің қосымша шығындарын өтеу тетіктері нақтыланбаған.
Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту және экономикалық реформалар мәселелері де талқыланды.
Осылайша, сайлауалды науқан барысында партиялар өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, өз бағдарламаларын түрлі форматта таныстыруда. Сонымен қатар қоғамдық мәселелерге қатысты ұстанымдарын білдіріп, бірқатар бастамалар бойынша партияаралық пікірталастар да жалғасуда.