Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанының белсенді кезеңі жалғасуда. Өңірлерде саяси партиялар сайлаушылармен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі басымдықтарын таныстыруда. Сонымен қатар, науқан жария саяси пікірталас кезеңіне өтіп, партиялар арасындағы бағдарламалық бәсеке айқындала түсті.
Үгіт-насихат жұмыстары барысында партиялар әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтарға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруда. «Әділет» партиясы Атырау облысында мұнайшылармен, мұнай өңдеу және вагон жасау кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен, сала ардагерлері және жастармен кездесулер өткізді. Кездесулерде өнеркәсіпті дамыту, цифрландыру, еңбек адамының мәртебесін арттыру, заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері көтерілді.
«Ауыл» партиясы ауыл тұрғындары, фермерлер және агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, ауылдық аумақтарды дамыту, аграрлық секторды қолдау және фермерлік шаруашылықтың тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударды.
«Байтақ» партиясы экологиялық күн тәртібін ілгерілету бағытында жұмыс жүргізіп, «Көліксіз күн» акциясын өткізді. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін көтерді.Өз кезегінде «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлермен және бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізсе, Respublica партиясы Семей қаласында форум ұйымдастырып, кәсіпкерлікті дамыту мен экономикалық реформалар мәселелерін талқылады. Ал ЖСДП мен Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік әділеттілік, мемлекеттік кепілдіктер және халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамаларын кеңінен насихаттауды жалғастырды.
Сонымен қатар, сайлау науқаны барысында партиялар арасындағы бағдарламалық пікірталастар да күшейе түсті. Әсіресе, оңшыл электорат үшін «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасында, ал әлеуметтік саясат мәселелерінде ЖСДП мен Қазақстанның Халық партиясы арасында саяси пікір алмасу белсенді жүріп жатыр.
ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов пен Қазақстанның Халық партиясы төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов арасында мемлекеттік басқару моделі мен Конституция нормаларын түсіндіруге қатысты пікірталас өрбіді. Тараптар өз ұстанымдарын жария түрде білдіріп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мен азаматтардың саяси процеске қатысу тетіктеріне қатысты көзқарастарын ортаға салды.Қазақстанның Халық партиясы өзге партиялардың бірқатар бағдарламалық бастамаларына қатысты да пікір білдіріп, әлеуметтік қолдау шараларының сақталуына және азаматтардың құқықтық кепілдіктеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде «Ауыл» партиясы аграрлық сектор мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып, ауыл шаруашылығының экономикалық саясаттағы рөлін күшейту қажеттігін жеткізді.
Сайлау науқанының тағы бір ерекшелігі – «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасындағы жария пікірталастың жалғасуы. Екі партия кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық реформалар және нарықтық саясат мәселелері бойынша өзара пікір білдіріп, бағдарламалық ұстанымдарын салыстыруды жалғастыруда.
Әлеуметтік желілерде аталған партияларға қатысты символикалық сипаттағы мурал бейнесі тарады. Оның авторы мен жариялану мақсаты жөнінде ресми ақпарат жоқ. Сондықтан бұл материалды қандай да бір саяси партияның ресми ұстанымы ретінде бағалауға негіз жоқ. Дегенмен, бұл жағдай сайлауалды науқан аясындағы ақпараттық кеңістіктегі саяси бәсекенің көріністерінің бірі ретінде бағалануда.
Жалпы алғанда, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жаңа кезеңге өтіп, партиялар тек өз бағдарламаларын таныстырумен шектелмей, қарсыластарының бастамаларына қатысты пікір білдіру арқылы саяси күн тәртібін қалыптастыруға ұмтылуда. Бұл өз кезегінде сайлауалды бәсекенің мазмұнын кеңейтіп, қоғамдық-саяси пікірталастың қарқынын арттыра түсуде.