Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны мазмұндық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. Партиялар телеэфирдегі пікірталастармен шектелмей, өндіріс орындарына, әлеуметтік мекемелерге, мемлекеттік ұйымдарға және кәсіпкерлер қауымына барып, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруды жалғастыруда. Сонымен қатар партиялар арасындағы пікірталас нақты бастамалар мен бағдарламалық ұсыныстар төңірегінде өрбіп келеді.
Қарағанды облысында «Әділет» партиясының делегациясы «Qarmet» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және индустриялық өңірлерге қажетті білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Қазақстанның Халық партиясы Батыс Қазақстан облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының қызметкерлерімен кездесіп, электрондық қызметтердің сапасын арттыру және цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
ЖСДП әлеуметтік бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, Жезқазған қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолдау орталығы мен қарттар үйіне барды. Партия өкілдері әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне назар аударды.
«Ауыл» партиясы Қостанай облысында «Қазпошта» АҚ филиалы ұжымымен кездесіп, ауылдық инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге бағытталған бастамаларын таныстырды.
Экологиялық бағытты ұстанған «Байтақ» партиясының өкілдері Алматы мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлерімен кездесіп, биоалуантүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау мәселелерін талқылады.
Экономикалық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары да жалғасын тапты. «Ақ жол» партиясы Ақтөбеде жас кәсіпкерлердің, IT саласы мен банк секторындағы мамандардың қатысуымен бизнес-форум өткізіп, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған ұсыныстарын таныстырды.
Ал Respublica партиясы Павлодар облысындағы өндіріс ұжымымен кездесуде экономикалық саясатқа қатысты өз ұстанымын білдірді. Партия өкілдері отандық өндірісті қолдау мен халықтың табысын арттыру мәселелеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Сайлауалды науқан аясында партиялар тек бағдарламаларын таныстырып қана қоймай, экономика, экология, әлеуметтік саясат және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында өзара пікірталасқа түсуде. Бұл үгіт-насихат жұмыстарының нақты ұсыныстар мен практикалық шешімдерге негізделе бастағанын көрсетеді.