Сайлауалды науқанның басты дебаты: «Әділет» көрермендер дауыс беруінде жеңіске жетсе, «Ақ жол» екінші орынға тұрақтады

Сайлауалды науқанның басты дебаты: «Әділет» көрермендер дауыс беруінде жеңіске жетсе, «Ақ жол» екінші орынға тұрақтады

Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанының маңызды кезеңдерінің бірі – ұлттық теледебат өтті. «Qazaqstan» телеарнасында ұйымдастырылған тікелей эфирге еліміздегі жеті саяси партияның өкілдері қатысып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, өздерінің басым бағыттарын көпшілік назарына ұсынды. Ашық пікірталас сайлаушыларға партиялардың ұстанымдарын салыстырып, олардың ел дамуына қатысты көзқарастарын бағалауға мүмкіндік берді.

Пікірсайыс басталар алдында қатысушылар Әдеп хартиясына қол қойып, саяси мәдениет қағидаттарын сақтауға келісті. Ал сөз сөйлеу реті кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталып, барлық партияға тең мүмкіндік берілді.

Теледебаттың негізгі тақырыбы адами капиталды дамыту мәселесіне арналды. Қатысушылар білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, жастар саясаты, цифрландыру, кәсіпкерлік және экология бағыттарындағы сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ұсыныстарының тиімділігі жөнінде пікір алмасты.

Тікелей эфир барысында көрермендер QR-код арқылы онлайн дауыс берді. Барлығы 21 334 адам өз таңдауын жасап, нәтижесінде «Әділет» партиясы 67,1 пайыз дауыс жинап, көш бастады. «Ақ жол» партиясы 9,9 пайызбен екінші орынға тұрақтаса, Қазақстан Халық партиясы – 8,2 пайыз, «Ауыл» – 5,4 пайыз, Respublica – 4,3 пайыз, ЖСДП – 2,2 пайыз, «Байтақ» – 2,1 пайыз дауысқа ие болды. Ал қатысушылардың 0,8 пайызы ешбір партияны қолдамағанын көрсетті.

Теледебатпен қатар өңірлерде де партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып, еңбек ұжымдарымен, жастармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды.

Осылайша, ұлттық теледебат сайлауалды науқанның басты саяси оқиғаларының біріне айналып, саяси партиялардың бағдарламаларын кең аудитория алдында ашық талқылауға және сайлаушылардың саналы таңдау жасауына мүмкіндік берді.