ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР ТРАНСПЛАНТАЛОГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС: АЙМАҚТА ЕКІНШІ РЕТ БАУЫР ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ СӘТТІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР ТРАНСПЛАНТАЛОГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС: АЙМАҚТА ЕКІНШІ РЕТ БАУЫР ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ СӘТТІ ӨТТІ

Бауыр трансплантациясы – заманауи хирургия саласындағы ең күрделі әрі жоғары дәлдікті қажет ететін медициналық араласулардың бірі болып саналады. Бұл ота жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықтарда ғана емес, сонымен қатар білікті мамандар мен үйлесімді жұмыс істейтін көпбейінді команданың қажырлы еңбегін талап етеді. Соңғы жылдары еліміздің бірнеше өңірінде трансплантология саласында елеулі серпін байқалып келеді. Соның бір жарқын мысалы – Түркістан облысында жүзеге асып жатқан клиникалық тәжірибелер.

Таяуда Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының базасында профессор, академик Б.Б. Баймахановтың жетекшілігімен және А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының (ҰҒХО) жоғары білікті мамандарының қатысуымен аймақтағы екінші бауыр трансплантациясы сәтті орындалды. Бұл күрделі операция – аймақтық медицина тарихындағы тағы бір маңызды кезең ғана емес, сонымен қатар науқастарға өмір сүрудің жаңа мүмкіндігін сыйлаған үміт оты.

Операция жасалған науқас – 54 жастағы ер адам. Ол бірнеше жыл бойы созылмалы бауыр ауруымен күресіп келген. Дәрігерлердің диагнозына сәйкес, науқаста MELD шкаласы бойынша 26 балл, Child-Turcotte-Pugh (CTP) жіктемесіне сәйкес С класты бауыр циррозы (12 балл), АМА-негативті түрдегі біріншілік билиарлық холангит, айқын бауыр-жасушалық жеткіліксіздік, паренхиматозды сарғаю, өңеш веналарының варикозды кеңеюі (1–2 дәрежелі), сондай-ақ бауыр энцефалопатиясының 2–3 сатысы анықталған. Мұндай клиникалық көріністер науқастың жағдайының аса ауыр екендігін білдіреді және оның өмір сапасын едәуір төмендетіп, өміріне тікелей қауіп төндіреді.

Аталған науқас бірнеше жылдан бері гастроэнтерологтың диспансерлік бақылауында болған. Созылмалы ауруы асцитпен, портальды гипертензиямен және спленомегалиямен асқынған. Ұзақмерзімді консервативті емдеу шараларына қарамастан, науқастың жағдайы біртіндеп нашарлап, бауырдың қызметтік резерві күрт төмендей бастайды. Осылайша, трансплантациядан өзге балама ем әдістері қалмай, бауыр ауыстыру – науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы ретінде қарастырылды.

Бауыр трансплантациясы – донорсыз орындалмайтын күрделі процесс. Бұл жағдайдағы маңызды қадам – донор табу және оның медициналық тұрғыдан жарамдылығын анықтау. Науқастың 24 жастағы туған ұлы әкесінің өмірін сақтап қалу үшін өз еркімен донор болуға ниет білдіріп, барлық қажетті медициналық тексерулерден өтті. Оның денсаулығында абсолюттік қарсы көрсетілімдер анықталған жоқ, бұл трансплантацияға жол ашты.

Операция Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы мен А.Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның бірлескен командасымен жүзеге асырылды. Білікті хирургиялық топ құрамында Қазақстандағы трансплантология саласының көшбасшысы саналатын профессор Б.Б. Баймаханов, жоғары санатты хирургтар М.О. Досханов пен Ж.Р. Оспан жұмыс істеді. Анестезиологиялық қолдауды тәжірибелі мамандар Т.К. Куандыков пен В.В. Мутагиров қамтамасыз етті. Бұл отаның сәтті өтуі – олардың кәсіби шеберлігі мен үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Хирургиялық араласу бірнеше сағатқа созылып, медициналық стандарттар мен қауіпсіздік хаттамаларына толық сай жүргізілді. Донордан бауырдың қажетті үлесі алынып, реципиенттің ағзасына трансплантацияланды. Отадан кейінгі кезеңде науқас дәрігерлердің мұқият бақылауында болды. Бүгінгі күні оның жағдайы тұрақты, бауырдың жаңа трансплантаты жақсы жұмыс істей бастады. Клиникалық параметрлер оң динамика көрсетіп, ауыр асқынулар тіркелген жоқ.

Медициналық бақылау көрсеткендей, операциядан кейінгі алғашқы тәуліктер мен апта – науқастың жалпы жағдайы мен бауырдың қызметіне қатысты ең шешуші кезең болып табылады. Бұл уақыт аралығында ағзаның трансплантатты қабылдауы, инфекциялық асқынулардың болмауы, гомеостаздың тұрақтануы және иммунды реакциялардың алдын алу басты назарда болады. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында осы талаптардың барлығы сақталып, мультидисциплинарлық топ тиімді жұмыс атқарып келеді.

Отадан кейін науқасқа арнайы иммуносупрессивті терапия басталды. Бұл ем түрі ағзаның жаңа бауырға қарсы реакциясын болдырмауға бағытталған. Сонымен қатар, науқасқа диеталық, фармакологиялық және физикалық оңалту бағдарламалары тағайындалды. Жүйелі бақылау мен жоғары кәсіби күтімнің арқасында қазіргі таңда науқастың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, бауыр функциясы біртіндеп қалпына келіп, өмір сапасы едәуір жақсарғаны байқалып отыр.

Бұл – Түркістан облысында жасалған екінші бауыр трансплантациясы екенін ерекше атап өткен жөн. Аймақтағы алғашқы бауыр ауыстыру отасы да осы облыстық клиникалық аурухана базасында жүзеге асырылған болатын. Бұл тәжірибелер өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің дамып келе жатқанын және трансплантология бағытының болашағы бар екенін көрсетеді. Екінші ота – осы бағыттағы сенімді жалғастықтың белгісі ғана емес, сонымен қатар шекаралас өңірлер үшін де медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға жол ашады.

Аймақ деңгейінде трансплантология сынды күрделі саланың дамуы – бірнеше факторлардың үйлесімділігін талап етеді. Бұл – денсаулық сақтау басқармасының стратегиялық қолдауы, медициналық мекемелердің техникалық жабдықталуы, кадрлық әлеуеттің дамуы және ғылыми орталықтардың тікелей ықпалы. Осы факторлардың тоғысуы арқасында бүгінгі күні Түркістан облысында трансплантология ісі нақты қадамдармен ілгерілеп келеді.

Сонымен қатар, мұндай күрделі оталардың аймақтық деңгейде жүзеге асуы – жергілікті тұрғындар үшін республикалық орталықтарға бармай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмекті алу мүмкіндігін тудырады. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да тиімді.

Бауыр трансплантациясы – медицинаның шынайы жетістігі. Бұл ота – донор мен реципиент арасындағы сенімнің, дәрігерлер біліктілігінің және ғылым мен тәжірибенің тоғысқан нүктесі. Түркістанда орын алған осы операция – жүздеген науқасқа үміт ұялатып, өмірге деген сенімін арттырған айрықша оқиға.

Осы тұрғыда, донор болған жас жігіттің адамгершілік қасиеті, отбасына деген жанашырлығы мен батыл шешімі – баршамызға үлгі. Дәл осындай жанкешті әрекеттер мен білікті мамандардың еңбегі арқасында отандық медицина дамып, ел азаматтарының денсаулығы жаңа деңгейге көтерілуде.

Болашақта Түркістан облысында бауыр трансплантациясы секілді жоғары технологиялы операциялар саны артады деген сенім бар. Бұл өңір халқы үшін зор мүмкіндік, ал отандық трансплантология үшін – ілгерілеудің тағы бір қадамы.