Түркістан облысының әскери қызметшілері ардагерді Алғыс айту күнімен құттықтады

Түркістан облысының әскери қызметшілері ардагерді Алғыс айту күнімен құттықтады

1 наурыз — Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие мерекелердің бірі. Бұл күні елімізде Алғыс айту күні аталып өтіп, халықтың бірлігі мен өзара құрметі, татулығы мен ынтымағы дәріптеледі. Алғыс айту күні — адамдардың бір-біріне ризашылық білдіріп, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың қадірін сезінетін тағылымы мол мереке. Әсіресе, ел тәуелсіздігі мен бүгінгі бейбіт өмір жолында жанқиярлық танытқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсету бұл күннің басты мәніне айналған.

Осыған орай Түркістан облысында мереке қарсаңында әскери қызметшілер дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Калмен Муратовтың шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Бұл тағылымды кездесу жас ұрпақтың аға буынға деген ізеті мен алғысының жарқын көрінісіне айналды. Ардагердің шаңырағында болған әскери қызметшілер ел қорғаған майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтіп, олардың батырлығы кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге екенін жеткізді.

Ардагердің үйіне Түркістан облысы Ордабасы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Бақдәулет Ташпулатов орынбасарымен бірге барып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан арнайы құттықтау хатын табыс етті. Құттықтау хатында ардагерлердің Ұлы Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі мен жанқияр ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны ерекше атап өтілген. Сонымен қатар, олардың батырлығы тәуелсіз Қазақстан жастары үшін патриотизм мен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі екені айтылды.

Кездесу барысында әскери қызметшілер бүгінгі Отан қорғаушылар буынының атынан Калмен атаға ризашылықтарын білдіріп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырған майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Жүзден асқан қарияның өмір жолы мен қайсарлығы жас сарбаздарға ерекше әсер қалдырды. Биыл Калмен Муратов 102 жасқа толып отыр. Оның ғасырға жуық ғұмыры ел тарихымен тығыз байланысты.

Өз кезегінде Калмен ата көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Ол бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірі мен тұрақтылығының қадірін ерекше атап өтіп, елдің амандығы мен өсіп-өркендеуіне тілектестік білдірді.

— Еліміздің аспаны әрдайым ашық болсын. Бүгінгі ұрпақ бақытты, себебі ол бейбіт елде, тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатыр, — деді ардагер.

Калмен Муратовтың өмір жолы — ерлік пен еңбекке толы тағылымды тарих. Ол 1942 жылы Аягөз қаласындағы кіші командирлерді даярлау курсына жіберіліп, оны аяқтаған соң «сержант» әскери атағын алады. Майданға бірнеше рет сұранғанына қарамастан, біраз уақыт жас сарбаздарды әскери іске баулу үшін оқу бөлімінде қалдырылған. Кейін алғы шепке жіберіліп, Беларусь майданы құрамында жауға қарсы шайқастарға қатысады.

1944 жылы Витебск түбіндегі ауыр ұрыстардың бірінде жараланып, II топтағы мүгедек болып елге оралады. Соған қарамастан, ол ешқашан мойымай, бейбіт өмірде де ел игілігі жолында адал еңбек етті. Оның майдандағы ерлігі «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық наградалармен жоғары бағаланған.

Соғыстан кейін Калмен ата ұзақ жылдар «Боржар» колхозында бригадир болып еңбек етіп, кейін теміржол саласында қызмет атқарды. Ол тек майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен көпке үлгі болды. Жұбайымен бірге алты ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің тірегіне айналды. Бүгінде ардагер 31 немере мен 34 шөберенің ардақты атасы болып отыр.

Алғыс айту күні аясында ұйымдастырылған мұндай кездесулердің маңызы ерекше. Себебі, бұл – жастарға өткен тарихты ұмытпауға, аға буынның ерлігіне тағзым етуге, ел тәуелсіздігі мен бейбітшіліктің қадірін түсінуге мүмкіндік береді. Майдангерлердің өмір жолы – патриотизмнің, қайсарлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Бүгінде Қазақстандағы бейбіт өмір мен тұрақтылық – аға буынның ерлігі мен қажырлы еңбегінің жемісі. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсету, олардың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттау – барша қоғамның ортақ парызы. Түркістан облысында өткен бұл тағылымды кездесу Алғыс айту күнінің мәні мен маңызын терең аша түскен рухани шаралардың бірі болды.