ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

Түркістан қаласында отандық спортты дамыту жолындағы маңызды жобалардың бірі – Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол спорт мектебінің ашылуы жақын арада жүзеге аспақ. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бұқаралық және кәсіби спортты, оның ішінде футболды жүйелі түрде дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынған. Президент өз Жолдауларында және түрлі жиындарда футбол инфрақұрылымын жақсарту, жаңа стадиондар салу, қолданыстағы алаңдарды жаңғырту және бұл іске жеке инвесторларды тартудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі ретінде Түркістан облысында жеке инвесторлардың қолдауымен Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебінің құрылысы қарқынды жүргізіліп, бүгінде нысанның аяқталуына санаулы уақыт қалды.

Атақты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың есімін иеленген бұл спорт мектебі тек футболды дамыту орталығы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты патриотизмге, жеңіске деген жігерге және салауатты өмір салтына тәрбиелейтін маңызды алаңға айналмақ. Ел тарихында өшпес із қалдырған спортшының атымен аталатын нысан жасөспірімдерге ерекше рух беріп, олардың үлкен спортқа деген құлшынысын арттырады. Бұл – спорттағы сабақтастықты сақтаудың, чемпиондардың жолын жалғаудың жарқын үлгісі.

Құрылыс барысымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы барып танысып, нысанның қазіргі жағдайын көзбен көрді. Сапар барысында ол жауапты мердігерлер мен сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының спортты, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар ұлт саулығының, болашақ ұрпақтың физикалық және рухани дамуының кепілі екенін жеткізді.

Ертай Алтаев соңғы жылдары Түркістан облысында балалар спорты қарқынды дамып келе жатқанын, жаңа спорт нысандарының салынып, қолданысқа беріліп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, дәл осындай футбол мектептері ауыл-аймақтардан шыққан талантты балалардың қабілетін ашып, кәсіби спортқа жолдама алуына үлкен мүмкіндік береді. Ол футбол мектебінің құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтау – басты міндет екенін атап өтіп, осы игі бастаманы қолға алған жеке инвесторлар мен құрылысшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, спортты дамытуға бағытталған барлық жобалар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екенін айтып, бұл нысан да өңір басшылығының жіті назарында екенін жеткізді.

Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол спорт мектебінің негізгі мақсаты – өңірде балалар футболын жүйелі түрде дамыту, жас спортшыларды ерте жастан кәсіби деңгейде даярлау және іріктелген талантты футболшылардың үлкен аренаға шығуына жағдай жасау. Жаңа орталықта жаттығатын балалар мен жасөспірімдер заманауи талаптарға сай инфрақұрылымда шеберліктерін шыңдап, тәжірибелі жаттықтырушылардың қол астында дайындалатын болады. Бұл өз кезегінде Түркістан облысынан болашақта ұлттық құрама сапына енетін, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын футболшылардың шығуына жол ашады.

Жалпы спорт кешенінің жобасы ауқымды әрі кешенді түрде жоспарланған. Нысанның жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайды және 3 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі таңда өлшемі 68×120 метр болатын ашық футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл алаң халықаралық стандарттарға сай салынып, ресми жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кешен аумағында 200 орынға арналған жатақхананың құрылысы толық аяқталған. Бұл жатақхана алыстан келетін жас футболшыларды қабылдауға, олардың жаттығу процесіне алаңсыз қатысуына жағдай жасайды.

Одан бөлек, 550 адамға лайықталған оқу ғимараты да толығымен пайдалануға дайын. Бұл ғимаратта спортшылардың тек жаттығып қана қоймай, білім алуына, теориялық сабақтар мен тактикалық дайындықтарын жетілдіруіне мүмкіндік қарастырылған. Мұндай кешенді тәсіл – заманауи спорт мектептерінің басты ерекшелігі. Себебі бүгінгі күні кәсіби спортшы болу үшін тек физикалық дайындық жеткіліксіз, спорттық білім мен тәртіп те маңызды рөл атқарады.

Алдағы уақытта спорт кешенінің аумағында қосымша ашық футбол алаңы мен заманауи спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл жоспарлар жүзеге асқан жағдайда Бекзат Саттарханов атындағы футбол мектебі тек облыстық емес, республикалық деңгейдегі ірі спорт орталығына айналуы мүмкін. Мұнда түрлі турнирлер, оқу-жаттығу жиындары мен республикалық жарыстар өткізуге толық жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде Түркістан қаласының спорттық әлеуетін арттырып, өңірдің туристік және әлеуметтік дамуына да оң әсерін тигізеді.

Жалпы алғанда, Түркістанда бой көтеріп жатқан Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол спорт мектебі – мемлекет, жергілікті билік және жеке инвесторлардың бірлескен жұмысының нақты нәтижесі. Бұл жоба жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашағына салынған маңызды инвестиция деуге болады. Футбол арқылы балалар тәртіпке, еңбекқорлыққа, командалық рухқа үйренеді. Ал мұндай қасиеттер кез келген салада табысқа жетудің негізі екені анық.

Жаңа спорт мектебінің ашылуы Түркістан өңіріндегі спорт өміріне серпін беріп, балалар мен жасөспірімдер арасында футболды кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Бұл нысаннан болашақта еліміздің абыройын асқақтататын талай саңлақ спортшылар шығады деген сенім мол. Бекзат Саттархановтың есімімен аталатын футбол мектебі жас ұрпаққа шабыт беріп, жеңіске деген ұмтылыстың символына айналатыны сөзсіз.