ТҮРКІСТАНДА Р.СЕИТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫ БИЫЛ 150-ГЕ ЖУЫҚ СПЕКТАКЛЬ САХНАЛАҒАН

ТҮРКІСТАНДА Р.СЕИТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫ БИЫЛ 150-ГЕ ЖУЫҚ СПЕКТАКЛЬ САХНАЛАҒАН

Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театры 2025 жылды жоғары шығармашылық жетістіктермен қорытындылап отыр. Биыл театр ұжымы көрермен қауымға 150-ге жуық қойылым ұсынып, мәдениет саласы үшін маңызды бірнеше жаңашыл жобаларды жүзеге асырды. Репертуар жаңа туындылармен толығып, театр халықаралық сахналарда танылып, республикалық деңгейдегі фестивальдерде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында театр директоры Арман Алиев кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, 2025 жылы театр әр маусым сайын тұрақты түрде шығармашылық ізденістер жүргізіп, жыл бойы 141 қойылым көрерменге жол тартқан. Театрдың биылғы басты жаңалықтарының бірі — репертуарға қосылған 6 жаңа қойылым. Соның үшеуі ересектерге арналған күрделі драмалық туындылар болса, қалған үшеуі балалар үшін арнайы әзірленген тәрбиелік мәні зор қойылымдар. Балдырғандарға арналған спектакльдер театрдың көрермен аудиториясын кеңейтіп, жас көрерменнің өнерге жақын болуына септігін тигізуде.

Алдағы мерекелік кезеңде театр «Мульти стори» атты жаңа жылдық қойылымды дайындап жатыр. Бұл қойылым заманауи мультимедиялық эффектілермен, табиғи декорациялармен сүйемелденіп, балалар мен ата-аналарға ерекше әсер сыйлауы жоспарланып отыр. Театр ұжымы әр маусым сайын жаңа жанрлық бағыттарды игеріп, көрермен талғамына сай тың жобаларды ұсынып келеді.

2025 жыл театрдың халықаралық байланыстарын кеңейтуімен де есте қалды. Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі шетелдік мәдениет күндеріне қатысып, Қазақстанның өнерін Үндістанның Дели, Пенджап, Амритсар, Агра және Чандигарх сияқты ірі қалаларында таныстырды. Бұл сапар барысында өнерпаздар қазақ халқының ұлттық музыкасы мен биін әлемдік көрерменге паш етіп, қазақ өнерінің деңгейін биікке көтерді. Ұлттық аспаптардың үні, халық билерінің нақышы мен заманауи сахналық көріністер шетелдік көрермен тарапынан жылы қабылданып, қазақ ұжымына зор қошемет көрсетілді.

Театрдың халықаралық деңгейдегі тағы бір ірі табысы – Ресейдің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» театр фестиваліне қатысуы. Бұл фестивальге әлемнің әр түкпірінен кәсіби театрлар қатысқан. Түркістандық өнер ұжымы өз қатысуымен ерекше көзге түсіп, лауреат атанды. Театрдың шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуы оның кәсіби деңгейінің өсіп келе жатқанын айғақтайды.

Брифинг барысында сөйлеген театр актері Нұржан Ізтаев ұжымның республикалық сахналарда да жоғары жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Солардың бірі — Қазақстанның Халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысу. Бұл фестиваль Талдықорған қаласында ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдарының басын қосты. Түркістан театры Дулат Исабековтің «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасын сахналап, ерекше бағасын алған. Зылиха рөлін сомдаған Кәмшат Аштекова «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Театр ұжымы бұдан әрі Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында өткен көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық фестивальге қатысты. Онда Әлібек Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынған түркістандық әртістердің актерлік шеберлігі ерекше атап өтілді. Нәтижесінде театр актері Марат Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды. Бұл – театрдың кәсіби әлеуетінің зор екенін дәлелдейтін жетістік.

2025 жыл театр үшін марапаттарға толы болды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әртіс Нұржан Ізтаев «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленді. Бұл марапат оның өнер саласындағы көпжылдық еңбегін, сахнадағы тынымсыз ізденісін және көрерменге деген адалдығын көрсетеді. Ал жас әрі талантты өнер иесі Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл оның болашақтағы шығармашылық жолына жаңа серпін беретін маңызды жетістік екені сөзсіз.

Театр үшін биылғы жылдың айтулы оқиғаларының бірі – оның құрылғанына 25 жыл толуы. Ширек ғасыр ішінде театр өңірдің басты мәдени орталықтарының біріне айналып, мыңдаған көрерменге рухани азық беріп келеді. Мерейтойға орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров театр ұжымына 50 орындық жаңа автобустың кілтін табыстады. Бұл — театрдың гастрольдік іс-сапарларын кеңейтуге, ауыл-аймақтарға жиі шығып, көрерменмен жақын байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік береді.

Театр ұжымының бүгінгі жетістіктері — оның кәсіби тәжірибесі, шығармашылық ізденісі және өңір мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесінің нәтижесі. Түркістандағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театры бүгінде өңір өнерінің рухани шамшырағына айналып, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытып келе жатқан бірегей өнер ордасы болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы театрдың жаңа биіктерге ұмтылатынын, шығармашылық мүмкіндіктерінің әлі де мол екенін көрсетті. Алдағы жылдары да театр көрерменін тың қойылымдармен, жарқын образдармен және сапалы өнер туындыларымен қуанта беретініне сенім мол.