ТҮРКІСТАНДА СПОРТШЫЛАР МЕН БАПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН «АДАЛДЫҚ ПЕН ТӘРБИЕ – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА СПОРТШЫЛАР МЕН БАПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН «АДАЛДЫҚ ПЕН ТӘРБИЕ – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жарияланған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында маңызды рухани-танымдық іс-шара өтті. Түркістан облысының спортшылары мен бапкерлеріне арналған бұл мазмұнды кездесуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жастарға бағыт-бағдар берер өнегелі ойларымен бөлісті.

Аталған кездесудің басты мақсаты – спорт саласында еңбек етіп жүрген жастардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, тәртіп және рухани тазалық сынды асыл қасиеттерді қалыптастыру, оларды саналы өмір сүруге тәрбиелеу. Өйткені спортшы – тек жарыс алаңындағы шеберлігімен ғана емес, мінез-құлқымен, өмірлік ұстанымымен де қоғамға үлгі болатын тұлға.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ислам және адал қоғам» жылының негізгі мақсаты қоғамда адалдық қағидаларын нығайту, әсіресе жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру екенін атап өтті. Ол адалдық ұғымының ислам дініндегі орны ерекше екенін, адал болу – мұсылманның басты сипаттарының бірі екенін кеңінен түсіндірді.

– Адалдық – өмірдің барлық саласында қажет қасиет. Спортта да, еңбекте де, білімде де адалдық болмаса, жетістік баянды болмайды. Спортшы жеңіске жету жолында әділ бәсекені таңдауы тиіс. Себебі адал жеңіс қана адамның абыройын асқақтатады, – деді Бас мүфти.

Кездесу барысында адалдық пен тәрбие мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар болашақта дұрыс жолдан таймай, мағынасы терең, саналы өмір сүрудің маңыздылығы жөнінде ой қозғады. Жастардың рухани дамуына кері әсер ететін түрлі теріс әдеттер, қоғамдағы жағымсыз құбылыстар туралы да сөз қозғалып, олардан сақтанудың жолдары түсіндірілді.

Спорт саласындағы жастар үшін тәртіп пен өзін-өзі бақылаудың маңызы ерекше екені атап өтілді. Жаттығу процесіндегі жауапкершілік, бапкерге құрмет, қарсыласқа сыйластық көрсету – нағыз спортшыға тән қасиеттер екені айтылды. Сонымен қатар жеңілісті де, жеңісті де сабырмен қабылдай білу, өз эмоциясын басқара алу – рухани тәрбиенің бір бөлігі екені түсіндірілді.

Жиын барысында спортшыларға өнегелі өмір салтын ұстану, уақытты тиімді пайдалану, білім мен руханиятты қатар дамыту жөнінде кең көлемде насихат жұмыстары жүргізілді. Дін өкілдері ислам дінінің адамды тәртіпке, тазалыққа, жауапкершілікке тәрбиелейтінін нақты мысалдар арқылы жеткізді.

Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Бұл жастардың рухани тақырыптарға деген қызығушылығын арттырып, ішкі дүниесіне ой салды. Спортшылар адалдық пен тәрбие мәселесінің тек діни жиындарда ғана емес, күнделікті өмірде де аса маңызды екенін түсінгендерін жеткізді.

Шара барысында сөз алған бапкерлер де мұндай кездесулердің жас спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, физикалық дайындықпен қатар рухани тәрбие алған спортшы ғана ұзақ мерзімді табысқа жете алады. Өйткені рухани тұрғыда мықты адам қиындыққа мойымай, қандай жағдайда да дұрыс шешім қабылдай біледі.

Іс-шара соңында қатысушылар Бас мүфтиге және ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік танытты. Олар адалдық пен тәрбие қағидаларын спорттағы ғана емес, өмірдің барлық саласында басты ұстаным етуге дайын екендерін жеткізді.

Бұл кездесу Түркістан өңірінде рухани құндылықтарды дәріптеуге, жастардың саналы, жауапты әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына бағытталған маңызды қадам болды. «Ислам және адал қоғам» жылы аясында ұйымдастырылып жатқан мұндай игі шаралар қоғамда адалдықты, әділдікті және адамгершілікті нығайтуға өз үлесін қоса беретіні анық.