ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА «БЕКЗАТ» ДРАМАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНАДЫ

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА «БЕКЗАТ» ДРАМАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНАДЫ

Түркістан музыкалық драма театрында Олимпиада чемпионы, ел мақтанышы Бекзат Саттархановтың өміріне арналған жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылмақ. Театрдың V маусымының шымылдығын түретін бұл премьера – тек спорттық тақырыптағы драма емес, тұтас бір ұрпақтың рухани жаңғыруына серпін беретін көркем туынды болмақ.

Аталған қойылым «Бекзат» деп аталады және боксшының туғанына 45 жыл толуына орайластырылып отыр. Премьера 2025 жылдың 9-12 қазан күндері аралығында, сағат 19:00-де өтеді деп жоспарланған. Бұл мәдени оқиға – қазақ спортының жарқын жұлдызына айналған Бекзаттың есімін жастар жадында жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Қойылымға арналған баспасөз мәслихаты бүгін Түркістан музыкалық драма театрында өтті. Онда жоба жетекшілері мен шығармашылық топ мүшелері спектакльдің көркемдік ерекшелігі, идеялық мазмұны және сахналық шешімдері жөнінде кеңінен баяндады. Қойылым идеясының авторы – белгілі актер әрі мәдениет қайраткері Асылхан Төлепов. Жобаны ұйымдастыру және жүзеге асыру жұмыстарына Айгерім Бозщина жетекшілік етсе, пьесаны Қуат Ежембек жазған. Қойылымды сахналаған қоюшы режиссер – Карло Шакалуга.

«Бекзат» драмасы бір ғана спортшының тағдырымен шектелмейді. Бұл — үлкен өмір жолының көркем шежіресі. Шаршы алаңдағы тартысты жекпе-жектермен қатар, ана жүрегінің алаңдауы, әкенің балаға деген сенімі мен үміті, бозбала шақтағы алғашқы сезім, ел ішіндегі қолдау мен бәсекелестіктің көрінісі шынайы бейнеленген. Қойылым көрерменге тек спортты емес, адам жанындағы терең иірімдерді, күрес пен үмітті, махаббат пен сағынышты жеткізеді. Бұл тұрғыдан алғанда, спектакль әмбебап көркем шығарма ретінде бағалануы мүмкін.

Бекзат Саттарханов — қазақ боксының тарихында алтын әріппен жазылған есім. Ол 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 57 келі салмақта ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жеңіс елге қуаныш сыйлап қана қоймай, тәуелсіз Қазақстан жастарының ертеңіне үміт отын жақты. Жас спортшының өжет мінезі, адамгершілік қасиеті мен отансүйгіштігі халықтың жүрегінен ерекше орын алды. Спортшының күрделі тағдыры мен қысқа ғұмыры — бүгінде өнердің, драманың, деректі шығармалардың өзегіне айналып отыр.

Бекзаттың спорттық жолы Шардара ауданындағы спорт мектебінде басталған. Оның талантын алғашқы болып байқаған және кәсіби бокстың әліппесін үйреткен бапкері – Нұрлан Жұмабаев. Кейін Бекзат ұлттық құрама қатарына қабылданып, еліміздің танымал жаттықтырушылары Александр Апачинский мен Тұрсынғали Еділовтің қол астында шеберлігін шыңдады. Бұл бапкерлердің әрқайсысы Бекзаттың халықаралық аренада жарқырап шығуына ерекше үлес қосты.

Олимпиада қарсаңындағы дайындық кезеңі Бекзат үшін ерекше маңызды болды. Ол кезде құрамада Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдабеков сынды тәжірибелі боксшылар болды. Жас спортшы олардың тәжірибесінен тағылым алып, психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да үлкен дайындықтан өтті. Бұл — тек спорт мектебі ғана емес, нағыз өмір мектебі болды.

Осы факторлардың барлығы сахналық қойылымда өз көрінісін табады. Қойылымның басты мақсаты — Бекзаттың өмірін үлгі ете отырып, жас буынға елге, спортқа, отбасына деген сүйіспеншілік пен адалдықты көрсету. Актерлер құрамы, режиссерлік шешімдер мен сахналық декорациялар көрерменге шынайы эмоция сыйлап, әсерлі атмосфера тудыруға бағытталған.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл қойылым тек Түркістан қаласында ғана емес, болашақта өзге де облыс орталықтарында сахналанып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрермендерге ұсынылады. Сонымен қатар, спектакльдің негізінде деректі фильм, телевизиялық нұсқа немесе арнайы тележоба жасау жоспарланып отыр. Бұл бастама Бекзат есімін ұлықтауға бағытталған кешенді жұмыстардың бірі ретінде қарастырылады.

Спектакльдің тұсаукесері өтер күн жақындаған сайын театрға билетке сұраныс артып келеді. Түркістан тұрғындары мен қала қонақтары үшін бұл – нағыз тарихи әрі рухани оқиға. Өйткені тек спортта емес, мәдениет пен өнерде де ел тарихындағы жарқын тұлғалардың бейнесін жаңғырту – рухани жаңғырудың нақты көрінісі.

Осы орайда Түркістан музыкалық драма театры ұжымының қолға алған бұл жобасы — ел рухын көтеретін, жастарға үлгі болатын және ұлттық мақтаныштарымыздың бейнесін заманауи сахна тілімен жеткізетін маңызды мәдени оқиға болып отыр. Қойылым арқылы жас ұрпақ тек чемпион Бекзатты емес, адами болмысы биік, отансүйгіштік қасиеті ерекше тұлғаны таниды. Бұл – ел ертеңі үшін маңызды қадам.