Түркістан төрінде рух пен өнердің, жігер мен үміттің тоғысқан ерекше тарихи сәті орын алды. Қасиетті шаһарда тұңғыш рет инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театры ашылып, оның шымылдығы ерекше жандардың қатысуымен сахналанған «Жарық» мюзиклінің премьерасымен түрілді. Бұл оқиға тек жаңа театрдың ашылуы ғана емес, қоғамдағы тең мүмкіндіктерді, адам бойындағы шексіз әлеуетті, өнердің шынайы құдіретін айқын көрсеткен маңызды мәдени-әлеуметтік бастама болды.
Салтанатты премьера Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті. Маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, инклюзивті театрдың ашылуымен құттықтады. Залда жиналған көрермендер қатарында зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, ата-аналар, жастар мен ерекше балалардың жанашырлары болды. Кеш басталған сәттен-ақ көрермендер залында ерекше толқу мен ықылас сезілді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөзінде «Дара ұрпақ» театрының маңызын ерекше атап өтті. Ол бұл театрдың жай ғана мәдени мекеме емес, өнер мен жігер, сенім мен табандылық тоғысқан үлкен мүмкіндіктер алаңы екенін айтты. Өңір басшысы Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар балаларға медициналық, әлеуметтік және шығармашылық қолдау көрсету жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. «Біз ерекше балалар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Өнер де, қоғам да, болашақ та баршаға ортақ болуы тиіс. Қасиетті Түркістанда инклюзивті бағыттағы алғашқы театрдың ашылуы – осы ұстанымның нақты көрінісі», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол «Жарық» мюзиклінің символдық мәніне тоқталып, қойылым атауының өзі үміт пен сенімді, ішкі жарықты білдіретінін айтты. Биылғы жылы облыстағы кәсіби үш театрда 310 қойылым қойылып, 30-ға жуық премьера көрерменге ұсынылғанын атап өткен өңір басшысы Түркістан театр өнерінің республика көлемінде кеңінен танылып келе жатқанын жеткізді. «Дара ұрпақ» театры да осы шығармашылық ұжымдар сияқты биік белестерді бағындырады деп сенемін. Себебі бұл сахнада өнерлі, қайсар, ерекше талантты балалар өнер көрсетеді», – деген Нұралхан Көшеров театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, құрылтайшыларға, ұстаздарға және жас өнерпаздарға алғысын білдірді.
Театрдың құрылтайшылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов те сахна төрінде сөз сөйлеп, бұл күннің олар үшін ғана емес, жүздеген отбасы үшін үлкен арманның орындалған сәті екенін атап өтті. Олардың айтуынша, «Жарық» мюзиклі – жүректен туған өнердің, үзілмеген үміттің, ерекше жандардың өмірге деген махаббаты мен жеңісінің көрінісі. Театрдың басты мақсаты – ерекше қабілеті бар балалардың талантын ашу, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде таныту, өнер арқылы шектеулерді жою.
«Жарық» мюзиклі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Қойылым LED экраннан қатысушыларды таныстыратын әсерлі бейнероликпен басталып, сахнада бірден ерекше атмосфера орнады. Әлидің жүрекке жететін сахналық көрінісімен жалғасқан қойылым көрерменді бір сәтте-ақ эмоцияға бөлеп, әрбір сәтке бейжай қалдырмады. Қоларбадағы бишілердің топтық биі, «Ерекше балалардың» орындауындағы көріністер залдағы көрермендердің көздеріне жас үйірді. Бұл өнер – жан айқайы емес, өмірге деген құштарлықтың, жарыққа ұмтылған рухтың айқын көрінісі болды.
Қойылым барысында бейнеролик арқылы ерекше балалардың сурет байқауындағы ең үздік шығармалары да көрермен назарына ұсынылды. Балалардың қиялы мен ішкі әлемін бейнелейтін суреттер мюзиклдің мазмұнымен үйлесіп, қойылымның әсерін одан әрі тереңдете түсті. Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, сондай-ақ көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Әрбір баланың сахнадағы қадамы – үлкен ерлік, ал олардың өнері – қоғамға жолданған үнсіз, бірақ өте әсерлі үндеу іспетті болды.
Бұл қойылым – әр жүректегі үміт отын үлкен алауға айналдырған, көрермен мен орындаушы арасындағы шынайы байланысты орнатқан ерекше туынды. Қайсар балаларды облыстың кәсіби театр әртістері мен жас өнерпаздары да қолдап, сахнада бірге өнер көрсетті. Бұл – инклюзияның нақты үлгісі, бірлік пен қолдаудың жарқын көрінісі болды.
Қойылым соңында барлық қатысушылар сахнаға шығып, «Өмір сүр» әнін орындады. Ән әуенімен бірге сахна жарыққа толып, залдағы көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты. Бұл сәт – өнердің шекарасыз екенін, шынайы таланттың ешқандай диагнозға бағынбайтынын дәлелдеген ерекше мезет ретінде есте қалды.
Шара соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өнерпаздармен естелікке суретке түсіп, балаларға сыйлықтар табыстады. Ол әрбір балаға жеке-жеке жылы лебізін білдіріп, олардың батылдығы мен талантына тәнті екенін жеткізді. Ата-аналар мен ұстаздар да өз алғыстарын айтып, мұндай қолдаудың балалар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан аса бала бар. Өңірде балаларға арналған 5 оңалту орталығы мен 6 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 15 мыңнан астам балаға кешенді қызмет көрсетілген. Сонымен қатар Түркістан қаласында балалардың денсаулығын нығайтуға арналған заманауи оңалту орталығы ашылып, медициналық және әлеуметтік қолдаудың сапасы артты. Ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы да тұрақты жұмыс істеп, оның тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне, өз қабілеттерін дамытуына нақты жағдай жасалып отыр. «Дара ұрпақ» инклюзивті театры – осы жұмыстардың мәдени-рухани жалғасы, ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін ашатын бірегей алаң. Бұл театр – тек сахна ғана емес, сенім мен үміттің, тең мүмкіндіктің символы.
Қорытындылай келе, Түркістанда ашылған «Дара ұрпақ» инклюзивті театры мен оның алғашқы «Жарық» мюзиклі өңір мәдениетінде жаңа белес ашты. Бұл бастама қоғамға ерекше жандардың шексіз мүмкіндігін, олардың да өнер арқылы өз орнын таба алатынын айқын көрсетті. Жарыққа ұмтылған жүректердің үнін жеткізген бұл қойылым көрермен санасында ұзақ сақталып, инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам ретінде тарихта қалары сөзсіз.