Түркістан қаласында таеквондодан (WT) жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтіп, ел спортындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бірнеше күнге созылған дүбірлі дода «Olympic Center» заманауи спорт кешенінде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік жас таеквондошыларды бір алаңға тоғыстырды. Жарыс барысында тартысты жекпе-жектер, жоғары техникалық шеберлік пен нағыз спорттық мінез көрініс тауып, чемпионат көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қазақстанның 17 облысынан барлығы 709 жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осындай ауқымды әрі бәсекесі жоғары жарыста Түркістан облысының намысын 71 жас таеквондошы қорғады. Жерлестеріміз бұл сыннан сүрінбей өтіп, жоғары дайындық деңгейін, жеңіске деген жігерін айқын көрсете білді. Нәтижесінде Түркістан облысының спортшылары жалпы есепте 11 медаль жеңіп алып, өңір абыройын асқақтатты.
Чемпионат қорытындысы бойынша түркістандық таеквондошылар 5 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль еншілеп, командалық нәтижеде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл көрсеткіш облыста таеквондо спортының жүйелі түрде дамып келе жатқанын, жас спортшылармен жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарының жемісті екенін айқын дәлелдейді. Әрбір жүлде – маңдай термен келген еңбек пен табандылықтың нәтижесі.
Алтын жүлде тұғырынан Түркістан облысының бес спортшысы көрінді. 42 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Акрамова Шахризада финалдық кездесуде қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. 68 келіде сынға түскен Өтеген Балгерім де жоғары техникалық деңгейін көрсетіп, ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. 46 келі салмақтағы Сұлу Абибулла тартысты жекпе-жектерде жеңіске жетіп, алтын медаль олжалады. Ал ерлер арасында 78 келі салмақта Ғазиз Бекзат пен +78 келіде Аманай Құралбаев қарсыластарына дес бермей, Түркістан қоржынына тағы екі алтын жүлде салды.
Күміс жүлделер де өңір спортшыларының олжасына айналды. 45 келі салмақ дәрежесінде Төлепбергенов Нұрислам финалға дейін жетіп, күміс медальмен марапатталды. 59 келіде өнер көрсеткен Нәлібай Жаншуақ, 68 келідегі Құттыбай Нұрсәт және 78 келі салмақтағы Бекбау Маханбетәлі де финалдық белдесулерде лайықты өнер көрсетіп, ел чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. Олардың барлығы да жеңіске бір табан жақын болып, болашақта биік белестерді бағындыруға әлеуеті жоғары спортшылар екенін дәлелдеді.
Сонымен қатар қола медаль иегерлері де ел намысын абыроймен қорғады. 44 келі салмақта Сейдазова Нұрай, 45 келіде Жанболат Бегжан қарсыластарымен болған тартысты кездесулерде үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені иеленді. Бұл нәтижелер де түркістандық жас таеквондошылардың бәсекеге қабілетті екенін айқындай түседі.
Айта кету керек, чемпионаттың деңгейі өте жоғары болды. Әр салмақ дәрежесінде еліміздің ең үздік жас спортшылары жиналып, жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Мұндай ауқымды дода жас таеквондошылар үшін үлкен тәжірибе алаңы саналады. Түркістандық спортшылардың осындай қатал бәсекеде 11 медаль жеңіп алуы – бапкерлер еңбегінің, спортшылардың табандылығы мен жүйелі дайындықтың нақты нәтижесі.
Бұл чемпионаттың тағы бір маңыздылығы – халықаралық жарыстарға іріктеу кезеңі болуы. Ел біріншілігінде жеңімпаз атанған спортшылар сәуір айында Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғайтын болады. Бұл – түркістандық таеквондошылар үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мүмкіндік. Әлемдік деңгейдегі додада өнер көрсету жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық аренада тәжірибе жинауына жол ашады.
Жалпы, Түркістан қаласында өткен бұл чемпионат өңір спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Соңғы жылдары облыста таеквондоға ерекше көңіл бөлініп, спорт инфрақұрылымы жақсарып, жасөспірімдер мен жастарға барлық жағдай жасалуда. «Olympic Center» сынды заманауи спорт кешендерінің бой көтеруі де жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге және спортшыларды кәсіби тұрғыда дайындауға үлкен серпін беріп отыр.
Түркістандық жас таеквондошылардың ел чемпионатындағы табысты өнері – өңірдегі спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Алда оларды халықаралық аренада жауапты сын күтіп тұр. Ел сенімін арқалаған жас спортшылар әлем чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетіп, көк байрағымызды биікте желбіретеді деген үміт зор.