Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы, Отырар ауданында ел игілігіне арналған тағы бір маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Шәмші Қалдаяқов ауылында заманауи талаптарға сай салынған жабық спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Егемен елдің ең қастерлі мерекесіне орай ашылған бұл нысан аудан тұрғындары үшін зор қуаныш сыйлап, ауыл өмірінің дамуына тың серпін берді. Мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі ретінде бой көтерген спорт кешені бұқаралық спортты дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға және жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, ауыл спортына жанашырлық танытып жүрген меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері, ауыл ақсақалдары мен көпшілік тұрғындар қатысты. Шараға жиналған қауым жаңа спорт кешенінің ашылуын ел тәуелсіздігінің нақты жемісі ретінде қабылдап, игі істің куәсі болды.
Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай өз сөзінде жаңа спорт кешенінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол бұл нысан тек ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған ортақ игілік екенін атап өтті. «Бүгінгі ашылып отырған спорт кешені – мемлекетіміздің ауылдық жерлерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясатының нәтижесі. Спорт – денсаулықтың кепілі, ал дені сау ұрпақ – ел болашағының негізі. Сондықтан бұл кешен ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді», – деді аудан басшысы. Сонымен қатар ол нысанның Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
Іс-шара барысында сөз алған аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары аудан көлемінде спорт нысандарының саны артып, ауыл жастарына арналған жағдай жақсарып келеді. «Бұқаралық спортты дамыту – тек чемпиондар даярлау ғана емес, қоғамды сауықтыру, жастарды теріс әрекеттерден қорғау, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Сондықтан мұндай кешендердің салынуы – ел ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадам», – деді ол.
Сондай-ақ салтанатты шарада меценат Әбдімәжит Сыздықбеков те сөз сөйлеп, ауыл спортының дамуына қолдау көрсету – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің бастауы екенін атап өтті. Ол ел игілігі жолындағы бастамалардың әрдайым қолдау табуына тілектестік білдіріп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, ақ батасын берді. Ақсақалдың жүрекжарды тілегі жиналған қауымға ерекше рухани әсер сыйлады.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар мен тұрғындар жаңа спорт кешенін аралап, оның материалдық-техникалық базасымен, ішкі құрылымымен және мүмкіндіктерімен танысты. Заманауи үлгіде салынған ғимараттың әрбір бөлмесі спортшыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жарық әрі кең залдар, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған алаңдар көпшіліктің көңілінен шықты.
Жаңа спорт кешенінің жалпы аумағы 1474,6 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт залы, мамандандырылған жекпе-жек залдары, түрлі спорттық секциялар жұмыс істейтін бөлмелер, балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу-жаттығу кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар футбол, бокс және күреске арналған арнайы алаңдар бар. Барлық залдар қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылып, жаттығу үдерісін сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Медициналық көмек көрсетуге арналған бөлме, киім ауыстыратын және жуынатын орындардың болуы да спортшылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.
Кешеннің сыртқы келбеті де заманауи архитектуралық талаптарға сай салынған. Ауылдың жалпы келбетіне сән беріп тұрған бұл нысан тек спорт орталығы ғана емес, ауыл тұрғындары жиі бас қосатын әлеуметтік кеңістікке айналмақ. Мұнда алдағы уақытта аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстар мен түрлі бұқаралық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр.
Жаңа спорт кешенінің іске қосылуы Отырар ауданының спорт саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе ауыл жастары үшін бұл нысан өз қабілеттерін шыңдап, кәсіби спорт жолына түсуге үлкен мүмкіндік. Спортпен тұрақты айналысу арқылы жастардың денсаулығы нығайып, тәртіпке, табандылыққа және мақсатқа ұмтылуға тәрбиеленеді. Бұл – ел болашағы үшін аса маңызды.
Ауыл тұрғындары жаңа спорт кешенінің ашылуын зор ризашылықпен қабылдап, мемлекет пен жергілікті билікке, сондай-ақ қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұрын қалаға барып қана қолжетімді болған көптеген спорт мүмкіндіктері енді ауылда да бар. Бұл – ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту жолындағы нақты қадам.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік күні қарсаңында Шәмші Қалдаяқов ауылында пайдалануға берілген заманауи спорт кешені – ел тәуелсіздігінің, тұрақты дамудың және халыққа деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Бұл нысан алдағы жылдары талай жас спортшының талабын ұштап, ауданның ғана емес, тұтас еліміздің намысын қорғайтын саңлақтардың шығуына негіз боларына сенім мол.