Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Саяси партиялар еліміздің түрлі өңірлерінде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, жастармен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыруда.
«Әділет» партиясының өкілдері Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында тұрғындармен, студенттермен, оқытушылармен, кәсіпкерлермен және шығармашылық сала өкілдерімен кездесулер ұйымдастырды. Кездесулер барысында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықты толғандырған мәселелер талқыланды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесулер өткізді. Сондай-ақ жер қатынастары мәселелері бойынша жер үлесі иелерімен пікір алмасу ұйымдастырылды.
«Байтақ» партиясы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы іс-шараларын жалғастырып, экологиялық ұйымдар, сарапшылар және кәсіпорын өкілдерімен кездесулер өткізді. Басқосуларда экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері қаралды.
Қазақстанның Халық партиясы Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлерімен кездесіп, шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесі, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
«Ауыл» партиясының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының ветеринария саласы мамандарымен кездесіп, ветеринариялық қызметтің қазіргі жағдайы мен ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді қарастырды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаттары өндіріс орындары мен кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Тараздағы аяқкиім фабрикасы мен Атыраудағы логистикалық орталықта жұмысшылармен пікір алмасып, кәсіпкерлікті дамыту мен өндірісті қолдау мәселелері қозғалды.
Respublica партиясының өкілдері халықаралық байқаушылар миссиясымен кездесіп, сайлауалды науқанның ұйымдастырылуы, цифрлық технологияларды пайдалану және кандидаттарды іріктеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Түркістан қаласында партияның өңірлік форумы өтіп, оған партия басшылығы, кандидаттар мен жақтастары қатысты.
Жалпы, сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде саяси партиялар өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, тұрғындармен ашық диалог орнатуға, өз бағдарламаларындағы басым бағыттарды түсіндіруге және азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікір алмасу мен жария талқылаулар да жалғасуда.