Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде өңір спортын дамыту жолындағы маңызды әрі тағылымды оқиға орын алды. Жеке инвестиция есебінен бой көтерген заманауи үстел теннис орталығы ел игілігіне беріліп, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Аталған спорт кешені «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылып, бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу бағытындағы нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Жаңа спорт нысанының салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды, спортшылар мен жаттықтырушыларды айтулы оқиғамен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауыл-аймақтардағы спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл өңір көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы басталып, соның 102-сі бүгінгі таңда пайдалануға берілудің соңғы сатысына жеткен. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысында спорт саласына ерекше мән беріліп отырғанын, әсіресе ауылдық елді мекендерде спорттық инфрақұрылымды жақсарту басты назарда екенін көрсетеді. Асықата кентінде ашылған үстел теннис орталығы да осы мақсаттағы жұмыстардың айқын дәлелі.
Жаңа спорт кешені барлық заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда бір мезетте 200-ге дейін спортшының жаттығуына мүмкіндік бар. Орталықта үстел теннисінен бөлек бокс, күрес секілді спорт түрлерімен де айналысуға жағдай жасалған. Бұл – жасөспірімдер мен жастар үшін ғана емес, ересек тұрғындар үшін де спортпен тұрақты шұғылдануға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Осындай көпфункциялы спорт нысандары ауыл халқының денсаулығын нығайтып қана қоймай, болашақ кәсіби спортшыларды тәрбиелеуге де негіз болады.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде жаңа нысанның Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, бүгінгі спорт орталығының бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығын білдірді. Жеке инвесторлардың осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға үлес қосуы мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі екені атап өтілді.
Облыс әкімі тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді түрде айналысуға шақырып, жаңа спорт нысанынан болашақта Олимпиада және әлем чемпиондары шыға беруіне тілектестік білдірді. Бұл тілек – өңір спортының болашағына деген үлкен сенімнің көрінісі.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов та сөз сөйлеп, елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл спорт түріне деген қызығушылық артып, материалдық-техникалық база айтарлықтай жақсарған. Жетісай ауданында ашылған жаңа орталық алдағы уақытта талантты спортшыларды тәрбиелеп, ел намысын қорғайтын чемпиондардың шығуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
Іс-шара аясында облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жаттығу залдарының мүмкіндіктерімен танысты. Жас спортшылармен кездесіп, олардың дайындық барысын бақылап, пікір алмасты. Өңір басшысы жас сайыпқырандарға сәттілік тілеп, табандылық пен еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жетуге болатынын айтты. Мұндай кездесулер жастардың спортқа деген ынтасын арттырып, олардың өз күшіне деген сенімін нығайтады.
Асықата кентінде 1 гектар аумақты алып жатқан спорт орталығының жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Бұл – ауылдық елді мекен үшін аса ірі әрі маңызды инвестиция. Орталықта екі негізгі жаттығу залы бар. Бірінші залға 9 үстел теннисі үстелі орнатылса, екінші залда 3 күрес кілемі, бокс рингі, заманауи тренажер жабдықтары орналастырылған. Сонымен қатар, спортшылардың жайлы жаттығып, демалуына жағдай жасау мақсатында 30 орындық жатақхана мен асхана да қарастырылған.
Барлық талаптарға сай салынған бұл ғимарат енді республикалық және халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерді өткізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Жетісай ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының спорттық беделін арттырады. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі жарыстардың өткізілуі өңірге келетін спортшылар мен қонақтар санының артуына ықпал етіп, жергілікті экономиканың дамуына да оң әсерін тигізеді.
Жалпы, Жетісай ауданында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының спорт алаңшаларынан бөлек, 77 ашық спорт алаңшасы бар. Оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануына кең мүмкіндік жасалғанын көрсетеді.
Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын спорт саласын дамыту мақсатында соңғы жылдары қомақты қаржы бөлініп келеді. 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлердің қолдауымен тағы 5 спорт нысаны бой көтерген. Ал өткен жылы мемлекеттік қаржы есебінен 6, жеке инвестиция арқылы 4 спорт нысаны пайдалануға берілген. Бұл – мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының нақты нәтижесі.
Биылғы жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл жоспарлар Жетісай ауданында ғана емес, жалпы Түркістан облысында спорт саласының тұрақты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Әсіресе ауылдық жерлерде спорттық инфрақұрылымның жаңаруы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, түрлі жағымсыз әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді.
Асықата кентінде ашылған заманауи үстел теннис орталығы – осы жұмыстардың жарқын нәтижесі. Бұл нысан тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, сонымен қатар жастарды тәрбиелеу, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік, мақсатқа ұмтылу сияқты қасиеттерді қалыптастыратын маңызды орталыққа айналмақ. Осындай игі бастамалар арқылы өңірден болашақта талай мықты спортшы, ел абыройын асқақтататын чемпиондар шығатынына сенім мол.