ТҮРКІСТАНДА 164 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА 164 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ

«AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалінде Түркістан облысының су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде облыста 575 мың гектар суармалы жер бар. Бұл – еліміздегі суармалы алқаптардың төрттен бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту міндеттерін қойды. Осы тапсырмаларды орындау аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров су шаруашылығы нысандарын жаңарту, жаңа су қоймаларын салу және егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап келеді.

Биыл өңірде қосымша 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Нәтижесінде мұндай технологиялар қолданылатын жер көлемі 164 мың гектарға жетті. Бұл жылына 280 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Су қорын ұлғайту мақсатында жалпы сыйымдылығы 120 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата», «Боралдай», «Қарақуыс» және «Иқан су» су қоймаларының жобалары әзірленген. «Бәйдібек ата» мен «Қарақуыс» су қоймаларын биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 9,7 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, оның 3,5 мың гектары қосымша айналымға енгізіледі.

Бұдан бөлек, Арыс қаласындағы А1 каналы мен Ордабасы ауданындағы Бадам өзені бойында жалпы сыйымдылығы 76,9 млн текше метр болатын су қоймаларын салу көзделген.

Су инфрақұрылымын жаңғыртуға халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылуда. Ислам даму банкіне «Қазсушар» кәсіпорнының құны 63,2 млрд теңгелік 11 жобасы ұсынылып, оның тоғызы қаржыландырылған. Ал «Тұран су» кәсіпорнының 102,8 млрд теңгелік 14 жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленген.

Сонымен қатар Халықаралық қайта құру және даму банкіне құны 110,7 млрд теңгелік 67 жоба ұсынылды.

Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқанда 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын қосымша 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге жағдай жасалады.