ТҮРКІСТАНДА ЖҮГЕРІ КЛАСТЕРІ ДАМЫП, 20-ДАН АСТАМ ӨНІМ ТҮРІН ӨНДІРУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАНДА ЖҮГЕРІ КЛАСТЕРІ ДАМЫП, 20-ДАН АСТАМ ӨНІМ ТҮРІН ӨНДІРУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

«AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалінде Түркістан облысындағы жүгері шаруашылығының даму қарқыны мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған инвестициялық жобалар таныстырылды. Өңірде шикізат өндірісін ұлғайтып қана қоймай, оны дайын өнімге айналдыратын өндірістік тізбек қалыптастыруға басымдық берілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінде өнімді терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттерін белгілеген. Осы тапсырмаларды орындау аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірге инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы кластерлерін дамыту жұмыстарын үйлестіруде.

Биыл облыста жүгері алқабы 6,4 мың гектарға ұлғайып, 46,5 мың гектарға жетті. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Шардара ауданындағы «Казкрахмал» кәсіпорны. Жобаға 35 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын Түркия мен Франция технологиялары негізінде жылына 150 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы.

Зауытта крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрама жем секілді 20-дан астам өнім түрін шығару көзделген. Дайын өнімді ішкі нарыққа жеткізу және Азия мен Еуропа елдеріне экспорттау жоспарланған.

Сонымен қатар шикізатты өңдеуге дайындайтын инфрақұрылымды дамыту мақсатында Отырар ауданында құны 7,8 млрд теңге болатын, жылына 30 мың тонна дән кептіретін зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда.

Жаңа өндірістердің іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін өнім өткізудің тұрақты мүмкіндігін қалыптастырып, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін арттырады. Нәтижесінде Түркістан облысында жүгері кластері дамып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті кеңейе түседі.