Түркістан облысында 50 мың бас малға арналған Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешені ашылды.

Түркістан облысында 50 мың бас малға арналған Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешені ашылды.

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен бірге Қожатоғай ауылдық округіндегі бордақылау кешенінің ашылу салтанатына қатыстым.

Бұл – өңіріміздің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға серпін беретін маңызды жоба.

Жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға арналған кешен заманауи технологиялармен жабдықталып, толық өндірістік цикл негізінде жұмыс істейді. Яғни, жемшөп дайындаудан бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктірілген.

«Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар компания құрамында жылына 7,2 мың тонна ет өңдейтін кәсіпорын мен 46 мың тонна қуаттылығы бар құрамажем зауыты жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясы арқылы мал азығын өндіру және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Осыдан үш жыл бұрын жергілікті фермерлер Аустралияға арнайы барып, етті мал шаруашылығын дамытудың озық тәжірибесімен танысқан болатын. Сол сапарда зерделеген тиімді тәсілдер мен заманауи технологиялардың бүгінде Түркістан облысында нақты іске асып жатыр. Кешен құрылысында Аустралияның озық технологиялары мен тәжірибесі қолданылған. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығындағы өнімділікті арттырып, өндіріс шығындарын оңтайландыруға және саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда осындай ірі инвестициялық жобалардың маңызы зор.

Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында заманауи өндіріс орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өнімнің ішкі әрі сыртқы нарықтағы үлесін арттыру.

Бұл жоба – өңір экономикасының дамуына, аграрлық саланың жаңғыруына және Түркістан облысының ет өндірісіндегі әлеуетін нығайтуға қосылған үлкен үлес.